Аида Тұрғазы, психолог:
Ақпаратқа сену-cенбеу әр адамның санаcына байланысты деп ойлаймын. Коронавирусқа сенбей жүргендер бұрыннан кез келген нәрсеге сыни көзбен қарауы мүмкін. Сонымен бірге бұл санатқа жауапкершілігі төмен адамдарды да қосуға болады.
Қоғамда болып жатқан жайттарға назар аудармайтындар, жақындарына жауапты болғысы келмейтіндер инфекцияның бар екеніне сенбейді. Мұндай адамдар айтылып жатқан кеңестерге де құлақ аспайды.
Мемлекет саясатына, бұқаралық ақпарат құралдарына бұрыннан негатив көзқараспен қарайтындар да коронавирустың бар-жоғына күмәнмен қарайды. Өйткені олар қазір болып жатқан жағдайды мемлекет саясаты деп түсінуі мүмкін.
Мұндай адамдар ақпараттың бәрін өз иллюзиясына, ойына сәйкестендіруге тырысады. «Баяғыдан біліп едім, мұның бәрі өтірік» деген сияқты пікір айтып, соны растағысы келеді.
Шындықты бұрмалап қабылдау деген түсінік бар. Мұндай кезде адам ақпаратты тек өз көзқарасына салып қабылдайды. Жоғарыда айтқанымдай, бұрыннан мемлекетке, оның саясатына, Денсаулық сақтау министрлігіне, вакцина егу ісіне негативпен қарайтындар да болып жатқан жағдайды да сол көзқараспен қабылдайды. Мұндай адамдарға жағдайды адекват қабылдауға қарағанда солай реакция жасаған ыңғайлырақ. Кейбірінің «Айналадағыларға жұғады, бірақ маған емес», «Маған кім тиер дейсің?» деп қарауы жақындарына деген жауапкершілікті сезінбеуін білдіреді.
Камила Мергенбаева, психолог:
Кез келген адамда қорғаныс механизмі болады. Айналада жағымсыз нәрсе болып жатқанда адам өзін сол нәрседен құтқару үшін оны жоқ деп ойлап, қабылдамауға тырысады. Сондықтан адам инфекцияның барына сенбей, тек жақсыға үміттенеді.
Адам психикасы өзін қорғау үшін қорғаныс механизмін іске қосады, бірақ адам физиологиясы басқа нәрсені меңзеп тұруы мүмкін. Біз тісі ауырып отырған адамға «Тісің жақыныңа ренжігеніңнен ауырып отыр» деп айта алмаймыз. Психология медицина саласымен байланысты болғанымен физиологияны бөлек қарастырамыз. Бірақ адам өзі сенбей тұрса да, бұл оның физиологиясы сол нәрсемен бетпе-бет келмейді деген сөз емес. «COVID-19-дың барына сенбеймін» деп мықтап бекінген адам да оны жұқтырып алуы мүмкін.
Болып жатқан жағдайға сенбеудің басты себебі — адам өзін жаман сезінгісі келмейді, содан адамда өзін қорғау механизмі қосылады. Әрине, адам «бәрібір ауырамын» деп жағымсыз ойға бой бермегені де дұрыс.
Халықтың пандемияға сенбеуіне әлеуметтік желінің де ықпалы бар. Ол жақта біреу бар десе, кейбірі өтірік деп жатады, түрлі ақпарат тарайды. Төтенше жағдай басталған кезбен салыстырғанда адамдар біртіндеп коронавирустың бар екеніне сене бастады. Бұған өзі танитын досы, туысы ауырып немесе қайтыс болып жатқаны себеп.