Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Бразилия Федеративтік Республикасының елшісі Рубем Антонио Корреа Барбоза, Оман Сұлтанатының елшісі Мұхаммед бен Абдулла бен Салих Әл-Бахрани, Корея Республикасының елшісі Ку Хонг-сок сенім грамоталарын тапсырды.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерге бүкіл дүниежүзі коронавирус пандемиясынан зардап шегіп отырған уақытта Қазақстанға келгенін айтты.
Сіздердің елдеріңізбен арадағы қарым-қатынасымыз жоғары деңгейде. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Мемлекет басшыларыңызға сәлем жолдаймын. Елдеріміз арасындағы өзара ықпалдастықтың одан әрі дамуына үлес қосасыздар деп сенемін. Бүкіл дүниежүзі пандемиядан зардап шегіп жатқан қиын-қыстау уақытта біздің елге келдіңіздер. Қазақстан бұл қауіпті дертті жеңу үшін дер кезінде шешім қабылдап жатыр. Бұл оңай жұмыс емес. Бірақ біз халықаралық ынтымақтастыққа арқа сүйейміз, БҰҰ іс-әрекеттерін қолдаймыз. Сонымен қатар дүниежүзіндегі барлық ел күш біріктіре отырып, коронавирус инфекциясын жеңеді деп үміттенеміз, — деді Президент.