Food republic компаниясы дайын тағам жеткізумен айналысады. Сонымен бірге Алматыда компанияның Keremet coffee аталатын кофеханасы жұмыс істейді. Кофейняның үш нүктесі бар.
Коронавирус Қазақстанда алғаш тіркелген уақытта-ақ дайын тамақ жеткізу қызметі де, Keremet coffee-нің жұмысы да тоқтаған.
Контейнердегі дайын тағамдарды кофеханаларға, ірі супермаркеттерге тасымалдайтынбыз. Бірақ бұрынғыдай сұраныс болмаған соң карантин кезінде тамақ жеткізу де, кофейня жұмысы да тоқтады. Қызметкердің бәрін ақысыз демалысқа жібердік. Олардың көбі 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек алды. Ол үшін компаниядан керек құжатты бердік, — дейді ол.
Кәсіпкер карантинде шығынды қалай реттеді?
Кәсіпкер қаладан төрт орынды жалға алып отыр. Карантин кезінде жалға берушілерден ақы алмауын сұраған. Бірақ келісімшартта мұндай нәрсе қарастырылмаған соң амалсыз құнын төлеуге тура келген.
Ғимаратты жалға беретін адамға өтініш жазып, уақытша ақы алмауын сұрадық. Кейбірі келісті, ал кейбірі өтінішімізге әлі де келіспей отыр. Карантин кезінде кәсіптің тоқтап қалғанын дәлелдейтін құжатты Нұр-Cұлтаннан алдырдық. Мемлекеттен мекемені жалға беріп отырған азаматтарға ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Сол себепті олар бізден аренда ақысын талап етті, — дейді Әділет Бағдат.
Кәсіпкер Қазақстанда карантин режимі енгізілерден бірер күн бұрын ғана тауар сатып алған. Кофейня жабылған соң қалған азық-түлікті қайта өткізу мүмкін болмаған соң қызметкерлеріне таратып берген.
Шығын әлі де бар. Жұмыс қайта басталмай тұрғанда жалпы шығын 4,5-5 миллионға дейін жетті. Әлі ештеңенің бағасын көтермедік. Дәл қазір тауарды қымбаттату дұрыс емес деп ойлаймын. Бір жағынан бағаны көтермей ұстап тұру шығынды жаппайды, — дейді ол.
Карантиннен кейінгі жағдай қалай?
Әділет Бағдаттың айтуынша, карантин бітіп, кофейня ашылғанына екі айдай уақыт болды, бірақ жағдай әлі де мәз емес.
Қазір амалдап, жағдайды бақылап, қысыл-таяң кезден шығуды қарастырып жүрміз. Карантинге дейінгі жағдайға әлі жете қойған жоқпыз, — дейді ол.
Карантиннен кейін Food republic-тің бір кофеханасы әлі жұмысын бастамады. Әкімшілік шешімімен кофейня сауда орталықтарындағы тамақтану орындарының қатарына кірген. Сол себепті оны ашуға рұқсат бермеген.
Бұл кофехана сондай үлкен емес, адам көп жиналмайды. Үстелдерді қоймай, тек шай, кофе сатайық десек те, келісе алмадық, — дейді Әділет Бағдат.
Қазірдің өзінде жұмысқа шықпаған қызметкерлер бар. Кәсіпкер бұрынғыдай сауда болмағаны себепті барлығын бірдей жұмысқа шығара алмай отыр. Ол үшінші кофейня да ашылып, бәрінің бұрынғыдай жұмысқа шығуына үміт етіп отыр.
Кез келген кәсіпкердің мұндай кездегі басты мақсаты – мүмкіндігінше шығынды азайту. Оның алдын алу үшін коммунал қызметтің бәрін тоқтатып, тиісті орындарға ескерттік. Маркетинг шығындарын да тоқтатуға тура келді. Егер қордағы ақшаны жұмсап жіберсек, жұмыс қайта басталғанда қиналуымыз мүмкін еді. Сол себепті мұндай жағдайдан мердігерлермен келісімнің арқасында шықтық. Кәсіпкерке керек қасиеттің бірі – адамдармен келісе білу, — дейді Әділет Бағдат.
Кәсіпкер карантиннен кейін дайын тамақ жеткізу жағын көбірек қолға алған. Айтуынша, нәтиже жаман емес. Дайын тамақ жеткізу қызметінен түскен қаражатты кофейняға, шығынның орнын толтыруға жұмсайды.
Жұмысты дәл бұрынғыдай қолға алып жатырмыз. Әрі қарай клиентке, оның жағдайына байланысты, — дейді ол.
Тұтынушының мінезі қалай өзгерді?
Әділет Бағдаттың айтуынша, карантиннен кейін халық ақшаны ойланып жұмсайтын болған. Сол себепті кіріс бұрынғыдай көп емес.
Қазіргідей жағдайда кез келген адам бірдеңе сатып алмай тұрып жақсылап ойланады, үнемдеуге тырысады, шығындалғысы келмейді. Бұл осындай жағдайда болатын қалыпты нәрсе деп ойлаймын. Кейін мұндай нәрсе тағы да қайталануы мүмкін деп асықпай, ойланып шешім қабылдайды, — дейді ол.
Мемлекеттен шағын және орта бизнеске қандай көмек керек?
Әділет Бағдаттың айтуынша, Қазақстанда шағын және орта кәсіпке әлі де дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Оның ойынша, дәл қазіргі жағдайда мемлекет шағын және орта бизнесті қолдауға күш салуы керек.
Дамыған мемлекеттерде экономиканың негізгі бөлігін шағын және орта бизнес құрайды. Ал бізде олай емес. Мемлекет жаңа жұмыс орнын ашамыз деп қаржы бөліп жатыр. Оған қарағанда бұрыннан бар жұмыс орындарын сақтап қалған тиімдірек еді, — дейді кәсіпкер.
Кәсіпкер арнайы орынды жалдап отырған кәсіпке мемлекеттен субсидия бөлінуі қажет деп есептейді.
Қазір ашылмаса да, жұмысы жаңармаса да, барлық жер жалдамалы орынның ақысын сұрайды. Егер жұмыс жүрмей тұрса, кәсіпкер оны қалай төлейді? Жеңілдік жасаған күннің өзінде тек бөліп төлеуге мүмкіндік береді. Дағдарысқа қарсы шаралардың бірі ретінде мемлекет орынды жалға алып отырған кәсіпкерлерге субсидия бөлгені дұрыс еді, — дейді Әділет Бағдат.
Карантин басталғанда мемлекет кәсіпкерлерді 3 жылға салықтан босатты. Сонымен бірге әр кәсіпкер «Даму» қорынан 15 миллионға дейін несие ала алады. Ол үшін кәсіпкерде несиенің 50%-іне жететін жылжымайтын мүлік болуы керек.
Егер кәсіпкерде 50%-тік кепілзат (жылжымайтын мүлік) болса, онда оған несие алудың қажеті жоқ еді ғой. Мемлекет шынымен кәсіпке көңіл бөлемін десе, кепілсіз несие беруі керек еді. Бізді 3 жыл салықтан босатқанымен, жалдап отырған орын ақысын төлеуге мүмкіндігі болмай, несие ала алмай жабылып жатқан компаниялар бар. Салдарынан қанша адам жұмыссыз қалады. Шағын кәсіп болғасын көзге көрінбейтін шығар, бірақ мұның өзі жұмыссыздыққа әсер етеді, — дейді Әділет Бағдат.
* * *
Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.