Бұл сессияда Мәжіліс 41, Сенат 25 отырыс өткізіп, 165 мәселені қарады.
Бесінші сессия кезінде қос Палатаның қарауында 161 заң жобасы болды, оның 98-і қабылданды.
Бүгінге дейін Парламент қабылдаған 86 заңға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды және заңды күшіне енді.
Осы сессияда депутаттар бастама көтеріп, 35 заң жобасын дайындады, олардың 12-сі қазірдің өзінде қабылданып, 23-і бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Депутаттық бастама жасаудың мұндай жоғары көрсеткіші бірінші рет болып отыр. Парламент депутаттары бесінші сессия кезінде өздері дайындаған заң жобаларының саны алдыңғы төрт сессия ішіндегі көрсеткіштен екі есе көп, — деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Депутаттар ана мен баланы қорғау, салық салу, аудиторлық қызмет, қылмыстық заңнаманы жетілдіру, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, ауылдық елді мекендерде интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету, білім беру, ғылым сияқты мәселелер бойынша заңнамалық түзетулер енгізуге де бастама жасады.
Сонымен бірге депутаттар Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне қатысты заң жобасына да өзгеріс енгізді.
Бүгінге дейін қолданылып келген заң бойынша бейбіт жиналыс пен шеру рұқсатпен ғана өткізілуі керек болса, енді ұйымдастырушыға жергілікті атқарушы органдарға хабар беру ғана жеткілікті, әкімдіктің келісімі талап етілмейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл заңға 25 мамырда қол қойды.