Масканы вирус жұқтырған адамға көмектескенде тағу керек
Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті наурызда медицина маскасын мынадай жағдайда тағуға кеңес берген еді:
- Сау адам масканы COVID-2019 вирусы болуы мүмкін науқасқа күтім жасаған кезде таққаны дұрыс;
- Түшкіріп немесе жөтеліп жүрген кезде тағу керек;
- Мұндай маска қолды антисептикпен сүрткенде немесе сабынмен жуғанда ғана пайдалы.
Бұл кезде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сау адам тағатын кез келген маска вирустан, соның ішінде коронавирустан қорғайтыны туралы мәлімет жоқ екенін хабарлаған еді. Сол кезде кей елде аурудың алдын алу үшін бәріне бірдей маска тағуға кеңес беріліп жатқанда ДДҰ жұрт жаппай маска тақса, маска өте қажет аймақтарға жетпей қалу қаупі бар екенін ескертті. Мысалы, инфекция көп тараған аумақта, қоғамдық көлікте жұмыс істейтіндерге, сатушылар мен дәріхана қызметкерлеріне маска міндетті түрде қажет. Дегенмен көшеде маска тағуға қатысты қандай да бір кеңес берілмеді.
Көшеде маска тағуға кеңес берілді
Алматының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 2020 жылдың 26 сәуіріндегі жарлығында көшеде маска тағу вирус жұқтырып алудан қорғайтынын, бірақ маска тақпаған адам әкімшілік жауапкерлішіккке тартылмайтынын айтты. Ал маска тағу мына жағдайда міндетті екенін ескертті:
- Дәріхана, дүкен, медицина ұйымы, халыққа қызмет көрсету ұйымы сияқты арақашықтық сақтау мүмкін емес жабық мекемелерде;
- Бойында коронавирус белгілеріне ұқсайтын белгі пайда болған тұлғаларға;
- Сау адам бойында инфекция болуы мүмкін науқасқа күтім жасаған кезде.
Көшеде маска тақпаған адамға айыппұл салынатын болды
Бұған дейін Алматыда көшеде маска тағуға жай ғана кеңес берілсе, қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов 2020 жылдың 25 мамырында өткен онлайн брифингіде қалада маскасыз жүрген азаматтарға енді айыппұл салынып, өзге де жаза түрі қолданылатынын айтты.
Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, маска тақпай жүрген жеке тұлғаға 5 айлық есептік көрсеткіш (13 890 теңге) көлемінде, қызметкерлерінің маска тақпауына жол берген лауазымды тұлғаға 15 айлық есептік көрсеткіш (41 670) көлемінде, осы талапты орындамаған шағын бизнеске 100 айлық есептік көрсеткіш (277 800 теңге) көлемінде, орта бизнеске 200 (555 600 теңге), ірі бизнеске 500 айлық есептік көрсеткіш (1 389 000 теңге) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.
60 жастағы және одан үлкен адамдарға маска тағу ұсынылды
2020 жылдың маусым айының басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маска тағуға қатысты талабын өзгертті. Енді медицина маскасын 60 жастағы және одан үлкен адамдарға, арақашықтық сақтау мүмкін емес жағдайда созылмалы ауруы бар адамдарға міндетті түрде тағуға кеңес берілді.
ДДҰ-ның бас директоры Тедрос Адано Гебрейесус матадан тігілген маскаға қатысты да талапты айтты. Оның атуынша, матадан тігілген маска кем дегенде үш қабатты болуы керек. Ұйым сайтында матадан тігілеген медицина маскасына жатпайтын масканы қалай қолдану керек екеніне қатысты ереже де жарияланды.
Масканы иекке тағуға болмайды
2020 жылдың маусымында Қазақстан Республикасының бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова масканы тек иекке тағып қоюға болмайтынын айтты.
Біз масканы иекке тағып алған адамдарды көріп жүрміз. Құрметті қазақстандықтар, масканы иекке тағу сіздерді вирустан мүлдем қорғамайды, маска бет пен мұрынды жауып тұруы керек. Бетке қол тигізуге болмайды, — деді Айжан Есмағамбетова.
Оның айтуынша, қолды жиі жуу, антисептик қолдану мен адамдармен байланыстан бас тарту инфекцияның таралуын азайтады.
* * *
Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.