«Помните одну фразу: Все будет, но не сразу. Айбыый!» деп далақтап қаша жөнелген жігіт туралы видеоны көрген боларсыз, тіпті «айуан-ай, айуан-ай» деп артынан күлген де шығарсыз?
Міне, бұл — интернет-мем. WhatsApp пен Telegram-ға келіп түсіп жатқан алуан түрлі сурет, видео, скрин мен тағы басқа медианы сұрыптайтын болсаңыз, ең көп орынды интернет-мем алып тұрғанын анықтар едіңіз.
Жалпы, бұл интернет-мем түсінігінің артында жай ғана мем деген термин тұр. Қуалап келгенде грек тіліндегі μιμητής (mimētḗs), яғни «секілді, сияқты, имитатор» сөзіне тірелетін мемнің тарихы кеше-бүгін басталған жоқ еді.
Мем қашан пайда болды?
1904 жылы ғалым Рихард Земон зоология саласындағы еңбегінде репликацияны, яғни әлдебір ағзаның өз-өзін қайталап, көшіре беру қабілетін түсіндіру үшін мем деген терминді қолданды. Ұзақ уақыт бойы мем ғылыми ортада дәл осы мағынада пайдаланылып жүрді.
Ағылшынша meme сөзінің «мим» деп оқылатынын, бірақ орыс тілінде сөйлейтін қолданушылар оны «мем» деп атап кеткенін, соған қарап, интернеттің Қазақстан сегментінде Рунет нұсқасы қолданылатынын айтқан жөн.
1976 жылы ағылшын биологы Ричард Докинз The Selfish Gene («Өзімшіл ген») атты кітабында мем терминін мүлдем басқа мағынада тәпсірлейді. Табиғатта жанды дүниенің бәрі өз-өзін көшірудің арқасында өсіп-өнеді. Оны белгілі бір сипат-функцияны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын ген арқылы көреміз. Докинздің айтуынша, дәл осы сияқты мәдениет саласында да әлдебір ақпаратты сақтап, тарататын ақпарат бірлігі бар. Ол — мем.
Ген де, мем де — репликаторлар, яғни өзін-өзі қайталай алатын, соның арқасында көбейетін дүние.
Ричард Докинз пікірлерді, әуендерді, адам жиі айтатын сөздерді («деп қояд дит» деген сияқты), тағам рецептерін, афоризмдерді, тіпті Құдай туралы түсінікті де мемге жатқызған. Басқаша айтқанда, саналы әлде бейсаналы түрде ауызша, жазбаша, видео, ғұрып және басқа да жолдар арқылы біреуден біреуге берілетін кез келген вирус идея. Оған репликация (ел бір-біріне жеткізіп, таратып отырады) мен мутация (таралу барысында өзгеріске ұшырайды) тән. Түсінікті мысал ретінде анекдотты атауға болады: атам заманнан келе жатқан, бір емес бірнеше мемлекеттің аумағына жайылып кеткен және жалпы желісі бірдей болғанымен, әр жерде әртүрлі детальдармен айтылатын шағын әзілдерді білмейтін адам кемде-кем.
Бұған дейін де «мәдени гендер», «ментал микробтар» туралы жазған ғалымдар баршылық еді (мәселен, психиатр Владимир Бехтерев, биолог Эдвард Осборн Уилсон, тағы басқа), бірақ жан-жақты қаузап, толыққанды термин мен анықтама ұсынған Ричард Докинз болды.
Мемге синоним ретінде 1994 жылы АҚШ медиатанушысы Дуглас Рашкофф енгізген медиавирус терминін атауға болады.
Интернет-мем қайдан шықты?
Интернет пайда болған соң қолданушылар жаппай ақпарат алмасып, контент өндіре бастады. Сол контенттің арасында қысқа-нұсқа шығармалар ерекшеленіп тұрды. «Интернет-мем» деп аталатын мұндай дүние мына қасиеттердің арқасында аз уақыт ішінде дүниежүзін жаулап алды:
- авторы маңызды емес;
- тапқыр жасалған;
- түрлі эмоция тудырады (көбіне күліп жатамыз);
- жанды жерге дөп тиеді;
- жалғыз сурет не бір ауыз сөздің артында көп не үлкен ой жатуы мүмкін;
- жай ғана ұнап қоймайды, ары қарай таратуға, елге көрсетуге итермелейді;
- белгілі бір элементтерін өзгертуге болады (мысалы, суреттегі мәтінді, видеодағы титрларды, тағы басқа);
- өзекті мәселені сөз қылады;
- абсурд тән.
Түбі Докинз қолданған терминге тірелгенімен интернет-мем қазір «ақпарат бірлігі» деген түсініктің шеңберінен асып кетті. Қазір контенттің бұл түрін қарапайым қолданушы ғана емес, маркетологтар да, саясаткерлер де, кәсіпкерлер де мақсатына кеңінен пайдаланады.
Интернет-мем әшейін күлкілі сурет деңгейінен шығып, әлеумет проблемаларын көтеретін құралға да айналды.
Осы интернет-мемдердің арқасында 80-жылдардың ортасында пайда болған меметика ілімі жаңа белеске көтеріліп, басқаша зерттеле бастады. Әрине, әзірше бұл бағытты іргелі ғылым саласы деп атауға болмайды, әйтсе де мемнің адам өміріне ықпалын әлеуметтанушылар, философтар, лингвистер, маркетологтар, саясаттанушылар, тағы басқа мамандар жан-жақты қарастырып жатыр, тіпті Кембридж бен Гарвардта мем зерттеймін деп ниет білдірушілерге арналған оқу бағдарламалары да ашылыпты.
Қазақстан туралы мемдер қандай?
Қазақстанның ақпарат кеңістігіне тікелей ықпал ететін және дүниежүзінде болып жатқан түрлі процесті өз призмасы арқылы жеткізетін Рунет біз үшін ұзақ уақыт бойы интернет-мем экспорттайтын басты дереккөз болып келді. Осы себепті біздегі қолданушылардың басым көпшілігі Reddit.com, Rocketboom, Encyclopædia Dramatica сияқты шетел ресурстарын, 2000 жылдарға тән басқа да форум, имиджборд, платформаларды интернет-мем жасап, тарату үшін жарытып пайдалана қойған жоқ.
Дегенмен әлеуметтік желі, видеохостинг және мессенджерлердің қарқынды дамуы (Қазақстан YouTube пен Instagram контентін тұтынуда дүниежүзі бойынша алдыңғы орындарда жүреді) қазақ және орыс тілдеріндегі жергілікті интернет-мемдердің пайда болуына, жайылып, кең таралуына мүмкіндік берді.
Қазақстандағы түрлі паблик, топ, қауымдастық Қазақстан жайында жаңалықтан, деректен, видеодан басқа интернет-мемдер де жариялап отырады. Қолданушылар да өзекті мәселе бойынша тапқыр сурет не видео салып, таратуды жақсы көреді.
Қолданушылар әлдебір жайтты интернет-мемге айналдырып жібергенін шапан киген Николас Кейдж, Бауыржан Байбектің 500 теңгелік түскі асы, «сәбіз» сөзінің латынша жазылуы, тағы басқа оқиғалардан анық көруге болады.
Отандық интернет-мемдер қайда бар?
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстанда интернет-мем жасауға мүмкіндік беретін, оларды бір жерге топтастырып отыратын ресурс жоқ. Контенттің басым бөлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарайды. Дегенмен осы алаңдарда интернет-мем жасауға маманданған, тіпті белгілі бір стильде яки форматта контент жариялайтын аккаунттар бар. Соның бірнешеуін мысал ретінде атап өтейік.
Киелі тезек — бір оқпен екі қоян ататын жоба: әрі мем ұсынады, әрі жаһанның өнер туындыларымен таныстырады.
Abay QonanDoyle видеоконтент ұсынады.
Жаңа сөздік ұсынатын қазіргі заманғы сөз қолданыстары интернет-мем ретінде Қазнетте жиі қолданылады.
Мұрат Ділманов — суретші-иллюстратор. Карикатура салады. Мұрат жариялайтын суреттердің көбі әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде интернет-мем болып таралып кетіп жатады.
Lé Shapalaque Comics — көбіне саяси бағыттағы әзіл-сықақ жариялайтын аккаунт.
Жазира Өміровна — классикалық мем-шаблондарды Қазақстандағы оқиғаларға бейімдеп, қазақ тілінде беретін қолданушы.
alpystogyz — Қазақстан туралы мемдер, негізінен ағылшын және орыс тілдерінде.
Әрине, жоғарыда айтқанымыздай, жергілікті топтар да Қазақстанға қатысты интернет-мем жариялап тұрады.