Informburo.kz-тің хабарлауынша әлеуметтік желіде Nur Otan партиясын сынайтын пост жазғаны үшін оған бас бостандығын 3 жыл шектеу жазасы берілді.
Ілияшев Әлнұр ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының («Көрінеу жалған ақпарат тарату») 4-бөлігінің 2-тармағында қарастырылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын, оған бас бостандығын 3 жыл шектеу түрінде жаза берілсін, — деді судья Залина Махарадзе.
Сотталушыға саяси, мәдени, кәсіби бағытта қоғамдық-көпшілік қызметпен айналысуға, саяси партия мен қоғамдық бірлестік құруға және оларға мүше болуға 5 жылға тыйым салынды.
Үкім бойынша Әлнұр Ілияшев шартты жазаны өтейтін 3 жыл ішінде жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі жұмысқа салынады. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қамауға алудан ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатуға ауыстырылды.
Азаматтық белсендіні үш адвокат — Виталий Воронов, Нұрлан Рахманов және Тайыр Назханов қорғады.
Әлнұр Ілияшев 17 сәуірде қамауға алынған еді. Прокурор Дастан Мырзағали оған Facebook-те Nur Otan партиясын сынайтын үш жазбасы үшін айып тақты. Құқық қадағалау органы өкілінің пікірінше, бұл жазбалар төтенше жағдай кезінде азаматтардың жаппай тәртіпсіздік жасауына ықпал етуі мүмкін. Nur Otan партиясының хатшысы Арман Қырықбаев саяси ұйым Әлнұр Ілияшевтің үстінен арызданбағанын мәлімдеді. Судья бұл істе партияны жәбірленуші тарап деп танудан бас тартты.
Әлнұр Ілияшев Nur Otan партиясына қатысты бірінші рет сотталып отырған жоқ. Былтыр партия мүшелері сотта жәбірленуші ретінде жеңіп шыққан еді.