Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркі «Аксель 8.0. Перезагрузка» акселерациясын іске қосты. Стартаптарды дамыту бағдарламасына қатысу тегін. Қазақстаннан ғана емес, өзге елдерден де өтініш қабылданады.

Жаңа лекке қатысушыларға халықаралық сарапшылар тренинг өткізеді, сала мамандарынан жеке кеңес ала алады. Тәлімгерлік бағдарламамен қатар стартап-жобалардың дамуына ықпал ететін бизнес-періштелермен және инвестиция қорларымен бірге өтетін сессиялар қарастырылған.

Білім беру шараларымен бірге Astana Hub Қазақстанның технология стартаптарын белсенді дамыту үшін кәсіби нетворкинг және тегін кеңсе кеңістігін де ұсынады, технопарктің ресми тіркелген қатысушыларына салық және виза бойынша ерекше режим жағдайы жасалған.

Бизнестің дамуы жаңа деңгейге көтеріледі. Жобаға қатысу үшін алдына өршіл мақсат қойған стартап командаларды іздейміз. Бұл — Қазақстандағы жалғыз акселерация бағдарламаcы, әдетте стартаптың дамуына бір жыл уақыт жұмсалса, енді оны 3 айлық оқыту бағдарламасында қамтуға болады, — деді Astana Hub бағдарламалар департаментінің менеджері Андрей Крюков.

Astana Hub
Фото: Astana Hub бағдарламалар департаменті

Акселерацияға қатысушыларға арналған бағдарлама:

  • 12 апталық оқыту;
  • Клиент базасын дамыту;
  • Түсімнің 5-10 есе өсуі;
  • Стартаптың болашағына арналған егжей-тегжейлі жоспар;
  • Маркетинг, талдау және сату бойынша ақпарат;
  • Халықаралық нарыққа шығу;
  • Жобаны PR бойынша ынталандыру.

Бағдарламаға өтініш беру үшін ауқымы кең идея немесе өнім болуы қажет, MVP (өміршеңдігі ең төмен өнім) сатысындағы жоба да қарастырылады. Жобаның негізін қалаушылар мен команда мүшелерінің екеуден кем болмайтын негізгі қатысушылары түгел қатысуға міндетті. Өтініш 1 шілдеге дейін қабылданады.

Тіркеу сілтемесі: Accelerator.astanahub.com

Акселерация бағдарламасы — стартаптармен жұмыс істеудің ең тиімді құралы, дүниежүзінде оған балама идея әлі де ойластырылмаған. Бағдарлама қорытындысы бойынша жоба инвестиция тарта алады. Алайда акселерацияның негізгі мәні инвестицияда емес, стартап командалардың алатын білімі мен жұмыс дағдысында, — деді Astana Hub бағдарламалар департаментінің менеджері Айвар Құрманов.

Бүгінде Astana Hub акселерация бағдарламасынан 171 стартап өткен. Қазіргі жетінші лек карантинге байланысты алғаш рет онлайн форматта өткізіліп отыр. Бағдарламаға қатысуға Қазақстан, Израиль, АҚШ, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Украина елдерінен 175 өтініш түсті. 33 стартап-команда іріктелді. Акселерация қорытындысы бойынша Demo Day ұйымдастырылып, онда үздік стартаптар әлеуетті инвесторларға таныстырылады. Түлектердің басты міндеті — инвесторларды қызықтыра білу.