Қазбек Бейсебаев, саясаттанушы: Ендігі сайлау — біздің халық үшін емтихан

Қазбек Бейсебаев
Қазбек Бейсебаев. Фото жеке архивінен

Адам болған соң әрдайым үмітпен өмір сүреміз. Әр уақытта жақсы нәрсе болғанын қалаймыз. Әрине, біздің қоғамға өзгеріс керек. Елімізде коронавирус инфекциясының жаппай тарауы, халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауы сияқты көп мәселе бар. Сондықтан халық сайлаған кез келген саяси партия азаматтардың өмірін жақсарта ма, жоқ па деген сұрақ бәрімізді мазалайды, бірақ қазіргі кезде халық пен билік арасындағы байланыс өте нашар. Мемлекет қарапайым адамдардың мұң-мұқтажын тыңдап, ескеріп жатқан жоқ. Жуырда азаматтар митингіге шықты. Олардың сөзін тыңдаудың орнына полиция қызметкерлері азаматтарды ұстап әкетіп, қамап жатыр.

Бір ай бұрын саяси партияларға қатысты заңға түзету енгізілгені айтылды. Жаңа заң бойынша Сенат депутаттарының 30%-і міндетті түрде жастар мен әйелдер болуы керек екен. Мен бұл нәрсені үлкен өзгеріс деп есептемеймін. Дегенмен ендігі Сенат сайлауы ерекше болады деп ойлаймын.

Біріншіден, қазір халықтың экономикалық және әлеуметтік жағдайы өте нашар. Сондықтан халықтың наразалығы, айтары бар. Олар Үкіметтің «бәрі жақсы болады» деген сөзінен шаршады. Екіншіден, халық бұрынғыға қарағанда өте белсенді. Оған былтырғы Президент сайлауындағы бақылаушылардың, азаматтардың іс-әрекеті дәлел бола алады.

Мұндай жағдайда билікке манипуляция жасау қиын болады. Меніңше, Қазақстан үшін ендігі сайлау — емтихан. Я азаматтар белсенді болып, бір ұлт екенін көрсетеді, я болмаса, үндемей, іштей тынып қалады. Бәрі Қазақстан азаматтарының өз қолында.

Инга Иманбай, журналист, құқық қорғаушы: Халыққа Сенат сайлауынан келіп-кетер пайда жоқ

Инга Иманбай
Инга Иманбай. Фото жеке архивінен

12 тамызда өтетін Сенат сайлауында атап айтарлық өзгеріс болады деп ойламаймын. Бізде Сенат шартты орынға айналған. Ондағылар өз еркімен шешім шығара алмайды. Парламент биліктің нотариус кеңсесі сияқты. Билік мақұлдағанды заңдастырып берумен ғана айналысады.

Негізі елімізде әділ сайлау жоқ, бірақ Сенатқа депутат сайлау Мәжіліс депутаттарын сайлау сияқты өткені дұрыс. Сенат мүшелерін мәслихат депутаттары сайлайды, олардың 99%-і Nur Otan партиясының өкілі болғандықтан оны сайлау немесе саяси процесс деп атай алмас едім.

Меніңше, азаматтар бұл сайлаудан қандай да бір өзгеріс күтпейді. Себебі кейінгі кездері халық бұл нәрсені жасанды дүние деп қана қабылдай бастады. Сондықтан одан қарапайым адамдарға келіп-кетер пайда жоқ.

Шалқар Нұрсейітов, саясаттанушы: Сенат сайлауынан өзгеріс күту — Парламентке берілген тым жоғары баға

Шалқар Нұрсейітов
Шалқар Нұрсейітов. Фото жеке архивінен

Ең әуелі Сенаттың саяси функциясын қарастырайық. 1995 жылы Парламент екі палаталы заң шығарушы орган болып қалыптасты. Содан бері Сенаттың миссиясы өзгерген жоқ. Себебі бізде билік етуші режим өзгермеді. Сенаттың функциясы — Мәжілістен өткен заң жобаларын Президент қол қойғанға дейін саяси экспертизадан өткізу, яғни атқарушы биліктің күн тәртібіне сай келетін заң шығару. 47 сенатордың 15-ін Президент тағайындайтынын, қалған сенаторлар Президент Әкімшілігі мен облыс және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің ортақ шешімі бойынша «сайланатынын», Сенат төрағасын Президенттің бір жарлықпен тағайындайтынын немесе алып тастай салатынын ескерсек, Сенаттың Президентке, атқарушы билікке өте тәуелді институт екеніне көз жеткізуге болады. Сол себепті Сенатқа депутат сайлау мен өзгеріс ұғымдарының бір сөйлемде аталуы дәл қазіргі саяси жағдайда қисынсыз.

Сенат депутаттарын сайлаудан өзгеріс күту Парламентке берілген тым жоғары баға болар еді. Сенаторлар қайта сайланғанымен немесе олардың орнына Nur Otan-ның басқа мүшелерінің «сайлануымен» Қазақстанның саяси өмірінде ештеңе өзгере қоймайды.