Ермек Сәдібеков, саясаттанушы:

Елде кезектен тыс Парламент сайлауы болатын-болмайтынын айту қиын. Бізде саяси ахуал себебінен және бәсеке көбеймеуі үшін сайлау үнемі кезектен тыс өтеді. Өкінішке қарай, бұл саяси дәстүрге айналып кеткен.

Ермек Сәдібеков
Ермек Сәдібеков. Фото жеке архивінен

Кезектен тыс сайлаулар ел арасында ылғи наразылық тудырып жүргені рас. Бұдан халық бір ғана партияның кандидаттары Парламентке өтіп кететінін қолдамайтынын байқауға болады. Бізде шенеуніктер мен саяси қызметкерлердің басым бөлігі  — Nur Otan партиясының мүшесі. Осы уақытқа дейін елде болған келеңсіз оқиғалардың кейбірі партияның имиджіне зиян келтірді. Сондықтан биыл сайлаудың болуы басқарушы партия үшін тиімсіз деп ойлаймын.

Сайлау болатын болса, одан көп өзгеріс күтудің қажеті жоқ. Өзгеріс болу үшін жүйелі, ауқымды реформа керек. Сайлау заңына да тың өзгеріс енгізген жөн. Саясатта жаңа есімдер пайда болып, бәсекелестер пайда болған кезде ғана сайлауға мүдде танытуға болады.

Сайлау болса да, бұрынғы сайлаулардан артықшылығы бола қоймас. Nur Otan партиясының басым дауыспен жеңетінін бәрі біледі. «Ақ жол» және Қазақстан коммунистік халық партиясы сияқты саяси құрылымдар халық арасында аса беделді емес. Сол себепті қазіргі билік саяси өзгеріс жасауға дайын деп айта алмаймын. Қазіргі Парламент те өз деңгейінде ықпалды деуге келмейді. Тепе-теңдік жүйесі жұмыс істегенде ғана ықпалды Парламент пайда болады. Дәл қазіргі кеңесші орган қайта құрылса, ел үшін мұндай Парламенттен ешқандай пайда жоқ.

Нұрсұлтан Орыналыұлы, саясаттанушы:

Нұрсұлтан Орыналыұлы
Нұрсұлтан Орыналыұлы. Фото жеке архивінен

Кезектен тыс Парламент сайлауы өтеді деуге еш себеп жоқ. Қазір жұмыс істеп тұрған Парламент 2016 жылдың наурыз айында сайланды. Конституция бойынша оның өкілет мерзімі — 5 жыл.

Nur Otan партиясы саяси кеңесінің соңғы отырысында партия төрағасы Парламент сайлауы конституциялық мерзімде, яғни 2021 жылдың ақпан айында өтетінін мәлімдеген еді. Демек, биыл кезектен тыс сайлау өтпейді деп ойлаймын.

Ал Ресей телеарнасы таратқан Қазақстанда Парламент сайлауы өтетіні туралы ақпарат қате деп ойлаймын. Меніңше, арна тілшісі ақпаратты асығыс әрі негізсіз жариялаған.