Астанада COVID-19 жұққан жүкті әйелдер бөлек перзентханаға жатады

Коронавирус жұқтырған жүкті әйелдер үшін пациенттердің төсек қорын қайта профильдеу есебінен бөлек перзентхана ашылады.

Қаланың жұқпалы аурулар стационарларында коронавирус жұқтырған әйелдер 17 баланы дүниеге әкелді. Коронавирус инфекциясы бар жүкті әйелдердің жалпы саны — 112, оның 78-і стационарларда жатыр. Пандемияның басында бір стационар жұмылдырылған болса, қазір мұндай пациенттер үшін 10 стационар жұмыс істеп жатыр, — деді Сәуле Қисықова.

Сәуле Қисықованың айтуынша, кейінгі 3 күнде күн сайын орта есеппен 150-ден астам науқас тіркеледі. Тең жартысы коронавирустың симптомсыз түрін жұқтырған. Маусымнан бері өкпесі қабынған науқастар саны да көбейді, жылдың басында күніне орта есеппен 5 адам түсетін болса, қазір күн сайын 500 науқас келеді, әр екіншісінен вирус пневмониясы анықталады.

Астанада ауру жұқтырғандар қатары артқандықтан 12 маусымнан бері провизор стационарларындағы орын саны да 300-ден 705-ке дейін көбейді. Бір ауруханадағы 230 орын жұқпалы аурулар стационарына айналып отыр. Бас әскери госпиталь де коронавирус орталығы ретінде жұмысқа көшті.

Қазір Нұр-Сұлтанда 1 711 науқас емделіп жатыр, оның 80-і реанимацияда. Өкпені жасанды желдету аппараты жалғанған науқастардың саны 4 есе көбейген.