Атлант мұхиты, Скандинавия мен Кар теңізі аудандарынан суық әрі ылғал ауа массасы келуіне байланысты күн шілденің әр онкүндігінде бір суып тұрады: температура солтүстікте түнде 7-12 градус жылыға дейін, күндіз 17-23 градус жылыға дейін, оңтүстікте түнде 13-18 градус жылыға дейін, күндіз 25-30 градус жылыға дейін төмендейді, бұл күндері жаңбыр жауып, күшті жел соғады.

Шілдеде Қазақстанның солтүстік өңірлерінде ауа температурасы 25-33 градус ыстық, оңтүстікте 30-35 градус ыстық шамасында болады. Кей күні Иран мен Орталық Азия аудандарынан тропиканың ыстық ауасы келіп, соның әсерінен оңтүстікте 35-45 градусқа дейін ыстық болуы мүмкін, солтүстікте мұндай күндері температура 30-38 градусқа дейін көтеріледі, — деп хабарлады «Қазгидромет» кәсіпорнының баспасөз қызметі.

Синоптиктердің болжамы бойынша шілдеде еліміздің барлық аймағында тұрғындар нағыз жаздың шуақты, ыстық күндерін бастан өткереді.

Шілдеде Қазақстанның көп бөлігінде жауын-шашын мөлшері де норма шамасында болады. Елдің оңтүстік-батыс бөлігінде (Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облыстары, Ақтөбе облысының оңтүстігі), орталықта (Қарағанды облысы және Балқаш көлі маңы) және Алматы және Жамбыл облыстарының солтүстігінде жауын-шашын орташа көпжылдық шамадан аз түседі.