Нысанның ашылуына Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Зертхананы қала балансына Болат Өтемұратов қоры тегін беріп отыр. Мұнда жұмыссыздар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар, стационарға жатып емделіп жүргендер, тынысалу, асқорыту, жүрек-қанайналым жүйесі ауруларымен ауыратын 50-ден асқан науқастар тегін тексеріле алады.
Зертханаға жұмысқа келген Ұлттық сараптама орталығының 16 маманы коронавирус эпидемиясын тоқтатуға атсалысып жатқан әкімдік қызметкерлерін, волонтерларды, белсенділерді, полицейлерді, әлеуметтік және мектепке дейінгі мекеме жұмысшыларын да тегін тексермек. Кешен күніне 5 мыңға дейін сараптама жасай алады. ПТР сараптамасының барлық циклын жүргізетін құрал жеткілікті, ұзын саны 42 жоғары технологиялы құрал-жабдық бар.
Бақытжан Сағынтаев бизнесмен Болат Өтемұратов пен оның командасының эпидемиология ахуалын жақсартуға үлес қосқанына алғыс айтты.
Алматыда коронавирус инфекциясы бүгінге дейін 3 мыңнан астам адамнан анықталды. Оның 2 мыңнан астамы сауықты, 10-ы қайтыс болды. Тағы 421 адам бойында вирусы болғанымен симптомы жоқ науқас деп есептеліп отыр.