Теңіз орнындағы 13 300 гектарды орманға айналдыруды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қорымен және Корея орман қызметімен бірге 2018 жылдан бері қолға алған. Бұл жұмыс «Қызылорда облысында Арал теңізінің құрғап қалған табанының фито-орман мелиорациясы» жобасы аясында іске асты, оған Корея орман қызметі 1,7 миллион доллар қаржы бөлді.
Аралдың құрғауынан 6 миллион гектардан астам жер бұрынғы су алқабынан босап қалды. Жыл сайын теңіздің құрғаған табанынан желмен бірге 100 миллион тоннадан астам тұз, шаң мен құм тарап, қоршаған ортаға зиянын тигізіп жатыр.
1980 жылдан бастап Қазақстан орманшылары Арал табанына сексеуіл егіп, құмды-тұзды дауылды тоқтатуға тырысып жатыр. Теңіз орнына орман егу жұмысы кешенді түрде жүргізіліп келеді. Жыл сайын Қызылорда облысының орман шаруашылықтары 10 мың гектар ауданға сексеуіл егеді, оның ішінде 6 500 гектар — Арал табаны, — деп хабарлады ОШЖД комитетінің баспасөз қызметі.
Корея ғалымдары Арал табанына егілген ағаш топырақ құрамына ерекше әсер еткенін анықтаған.
Қазақстандағы сексеуіл алқаптары 6,1 миллион гектарды алып жатыр, ол — еліміздегі орман құрайтын ағаш түрлерінің жалпы ауданының 65%-і және республиканың орман қорының жартысы. Сексеуілдің бір түбінің тамыры 4 тоннаға жуық құмды ұстап тұра алады.
Аралдың тұзды табанына егілетін сексеуілді орманшылар әуелі Қазалы орман питомнигінде өсіріп, дайындайды. Питомниктің ауданы — 32 гектар, мұнда жылына 4 миллионнан астам сексеуіл көшеті өсіріледі.
Қазақстанда сексеуіл ормандарын сақтау үшін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін сексеуілді кесуге және сатуға тыйым салынған. Орталық Азия бойынша сексеуіл ең көп өсетін жер — Қазақстанның шөлдері.
1980 жылдан бері Аралдың құраған табанына 190 мың гектардан астам сексеуіл егілді. Комитеттің мәліметінше, қазақ орман қызметінің бұл еңбегі дүниежүзі бойынша шөлейттенуді жоюдағы ең тиімді әдіс болып тұр. Айта кетейік, 17 маусым — Қуаңшылықпен және шөлейттенумен күрестің дүниежүзілік күні.