— Бекарыс Маратұлы, елімізде тісі ауырмайтын адам аз шығар, сондықтан стоматология қызметіне қашан да сұраныс жоғары. Қазір азаматтарды міндетті медициналық сақтандыру пакетіне нақты қандай стоматология көмегі кіреді деген сұрақ толғандырады, не айтасыз?
— Әрине, бұл сұрақ орынды да. Себебі, өзіңіз білесіз, стоматология қызметтері арзан емес. Мәселен, құрт түскен тісіңізді жұлдырсаңыз, клиникаға кем дегенде 6 мың теңге төлейсіз. Осылай баға өсе береді. Сондықтан стоматология қызметі қарапайым халыққа, табысы аз науқастарға қымбатқа түсетін еді. Ал биылдан бастап мемлекет есебінен жеңілдік алған азаматтарға, мәселен, әлеуметтік жағынан осал санатқа кіретін адамдарға барлық стоматологиялық қызмет МӘМС аясында беріледі.
— Осы өзгерісті толығырақ түсіндірсеңіз, МӘМС пакетіне кіретін стоматология қызметі түрлері нақты кімдерге арналған?
— МӘМС аясында жүкті әйелдер мен 18 жасқа толмаған балаларға тіс экстракциясы, ауырған тісті жансыздандыра отырып толық емдеу, химия пломбасы мен композитті материалдар пайдаланып емдеу, тіс жұлу сияқты қызмет түрлері көрсетіледі. Сонымен қатар рентген суреті де жасалады, бірақ медициналық сақтандыруға тісті протездеу қызметі кірмейді.
МӘМС бойынша соғыс ардагерлеріне, зейнеткерлерге, бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектерге, көпбалалы әйелдерге, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтарға, жұқпалы, әлеуметтік-маңызы бар және қоршаған ортаға қауіпті ауруға шалдыққан пациенттерге стоматология көмегі беріледі.
Оған тіс жұлу, тістің жұмсақ тіндерін егу және пломба салу, экстракция, пульпитті және периодонтитті емдеу кіреді. Мүгедектігі бар балаға қарап отырған жұмыссыз адамдар да 1 наурыздан бастап осы көмекті ала алады.
Жоспарлы және шұғыл көмек барысында анестезия, жақ немесе тіс рентгенографиясы тегін болады. МӘМС пакеті бойынша әлеуметтік жағдайы нашар отбасындағы бет-жақ аумағында туабітті патологиясы немесе үстіңгі ерні мен таңдайының туабітті жырығы бар және тіс пен жақтың түрлі аномалиясына ұшыраған 6-12 жас аралығындағы балаларға ортодонт тегін қызмет көрсетеді.
— Сізге пациенттер көбіне қандай шағыммен келеді?
— Қазақстанда ересектердің де, балалардың да арасында кариес пен оның асқынған түрі өте көп кездеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, дүниежүзіндегі 3,5 миллиард адам ауыз қуысы ауруына шалдыққан, жұқпалы емес аурулар арасында кариес көш бастап тұр.
2017-2018 жылдары Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының ғалымдары шағын зерттеу жүргізді, оның нәтижесі Қазақстандағы оқушылар ауыз қуысы гигиенасын сақтамайтынын және тәттіні көп жейтінін көрсетті, осының салдарынан олардың тісі ауырады.
— Жеңілдік жасалған санаттағы азаматтар стоматологтың тегін көмегін қайдан алуы керек?
— Медициналық сақтандыру пакеті бойынша азаматтарға стоматология көмегі мемлекеттік емханаларда және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан жекеменшік стоматология клиникаларында да беріледі. Шұғыл ем қажет болған жағдайда науқастарға талон таратылады. Қабылдау үшін терапевтің жолдамасы қажет, қазір карантинге байланысты тек жазылу арқылы жүргізіледі. Шұғыл емделушілерге бос талон қарастырылған.
Сұхбаттасқан Жәудір Оразханова