Крематорий салу мәселесі бұрын да көтерілген екен, бірақ қаржы болмай, жоба кейінге қалған. Биыл 9 сәуірде жергілікті бюджет қаржы бөлетін болды.
Жоба-смета құжаттамасы дайын болуына қарай және сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін нысанды салу мәселесі қаралады, — деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
«Алматы мамандандырылған салт қызметін көрсету комбинаты» серіктестігі директорының орынбасары Марат Ысмайыловтың айтуынша, крематорий — шығынды көп талап ететін күрделі құрылыс.
Крематорийге коммуникация желісін, соның ішінде газды кіргізу керек. Диаметрі 280 миллиметрден кем емес су құбыры, өте көп — 63 киловаттан кем емес электр энергиясы керек. Крематорийдің айналасында мың метрдей санитария аймағы болуы керек, — дейді Марат Ысмайылов.
Оның айтуынша, қалада бұл құрылысқа лайық учаске болмай тұр. Бұрын Алатау ауданындағы индустрия аймағы маңынан жер қарастырылған, бірақ қазір талапқа ол да жарамай қалды.
Кезінде таңдалған учаске нормаларға түгел сай болды, бірақ қазір ондағы жер телімінің бәрі сатылып кетті. Қазір қалада санитария және экология нормаларына сай келетін бос орын жоқ. Бұған экологтар наразылығы кезінде көз жеткіздім. Қала аумағы кеңейеді деп ойламаймын, қала сыртынан, яғни облыстан мұндай құрылысқа рұқсат берілетіні тағы белгісіз, — дейді ол.
Алматы облысының Қараой ауылы маңындағы коронавирустан қайтыс болғандарға арнап бөлінген аумақ та крематорий салуға жарамайды.
Ол жер коронавирустан қайтыс болғандарға арналса, демек, ол — инфекция таралу қаупі жоғары аймақ. Ондай жерге құрылыс салуға болмайды, жақындауға да болмайды. Ол жерге коммуникация жүргізу де қиын болар еді, — дейді салт қызметін көрсететін кәсіпорын өкілі.