Жандарбек Бекшиннің мәліметінше, осы уақытқа дейін Алматыда 2 939 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Оның 997-і вирус профилактикалық тексеру кезінде анықталған. Қалғаны — өз еркімен қаралғандар мен вирус жұқтырғандармен байланыста болғандар. 3 маусымнан бастап инфекция жұқтырған 491 адамның 248-інде ауру белгісі байқалмаған. Оның 80,2%-і — жұмыс істейтін азамат. Апта ішінде вирустың таралу өсімі 1,1%-тен 4,6%-ке дейін өскен. Мұның себебі — қаладағы карантин режимінің жеңілдеуі мен көп мекеме жұмысына рұқсат берілуі.
Қала билігі Алматыдағы көп мекемеге жұмысын жалғастыруға рұқсат етті, ал біз оларға санитария талаптарын сақтауға қатысты нұсқаулық бердік. Оны орындамаған, тіпті мониторинг топтарының ескертуін елемегендер де бар. Алматының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қаладағы 13500-ден астам нысанды бақылап отыр. Бұл нысандарды бір мезетте бақылау, әрине, мүмкін емес. Сондықтан әкімдіктің мониторинг топтары да жұмысын жалғастырып жатқан нысандарды аралап жүр. Нәтижесінде 2 439 нысанның санитария талаптарын қаншалықты сақтап отырғаны тексеріліп, олардың 138-і карантин режимін бұзғаны анықталды. Оның 98-і мониторинг тобының ескертуін орындағанға дейін жұмысын уақытша тоқтатты, — деді қаланың бас санитар дәрігері.
Оның айтуынша, жұмысына тыйым салынған мекемелерде адам тығыз болған, жеке қорғаныс құралдарынсыз қызмет көрсеткен, мекемеге жеке қорғаныс құралдарынсыз кіруге болмайтыны туралы хабарлама ілмеген, келушілері мен қызметкерлерінде үшін залалсыздандыру құралы болмаған.
Кейнігі күндері вирустың таралу өсімі 3%-тен асып жатқан жоқ. Бұл көрсеткіштің артуы немесе азаюы қала тұрғындарының және мекеме басшылары мен қызметкерлерінің карантин шектеулерін сақтауына байланысты болады, — деді Жандарбек Бекшин.
Бас санитар дәрігердің айтуынша, қалада вирус тарауының барлық кезеңінде профилактикалық ПЦР-диагностикадан жалпы 155 мың адам өтті. Оның ішінде медицина қызметкерлері, әскерилер мен әлеуметтік мекеме қызметкерлерін Алматының санитария-эпидемология қызметі мұқият бақылап отыр. Ал экспресс тестіні 27 мың адам жасатқан.
Қаладағы жұмыс берушілер, әсіресе білім беру, қаржы, қала шаруашылығы, құрылыс кәсіпорындары қызметкерлерін тексеруден өткізіп жатыр. Қызметкерлерінен вирус табылған ұжымдар жұмысын жалғастырған жоқ. Тест инфекцияның таралуын тоқтатуға ықпал етіп отыр.
Мегаполистегі көлемі 20 мың шаршы метрден асатан ірі нысандардың кіреберісіне, автотұрағына дезинфекция туннельдерін орнату туралы ұсыныс берген едік, бірақ оны орнату міндетті емес. Бұл тәжірибе бізге Еуропа елдерінен келді. Туннельге елде тіркелген дезинфекция препараттарын ғана пайдалануға болады. Кей адамның ондай дәріге аллергиясы болуы мүмкін, сондықтан бәріне бірдей бұл туннельдерден өту міндетті емес. Дегенмен дезинфекция артық болмайды. Өйткені үйде отбасы мүшелері, балалар, қарт адамдар бар, — деді бас санитар дәрігер.
Айта кетейік, 9 маусым қорытындысы бойынша Алматыда бір күнде 35 адам коронавирус жұқтырды. 10 маусым күнгі сағат 08.00-дегі мәлімет бойынша 1 929 науқас аурудан айықты. Осы уақытқа дейін қалада инфекциядан 10 адам қайтыс болды.