Коронавирусты анықтайтын экспресс тест туралы нені білу керек?

Коронавирус пандемиясы
Иллюстрация: Dribbble.com/©Andrew Turtsevych

COVID-19-ды анықтайтын экспресс тест қандай? Оны қай кезде тапсыруға болады? Тест нәтижесі сенімді ме?

1. Коронавирус инфекциясын анықтайтын анализ қай жерде алынады?

Жедел жәрдем шақырған жерде;

Лаборатория қызметкерлерінің ұтқыр бригадасы үшін арнайы белгіленген орындарда;

Шекарадағы өткізу бекеттерінде;

Стационарларда.

2. COVID-19-ды анықтайтын экспресс тест қандай болады?

Экспресс тест бір рет пайдаланылатын пластик құрылғыдан тұрады. Таяқшатәрізді ыдыста бірнеше реагент болады.

Анализ үшін адамның саусағынан қан алынады. Оған қолданылатын барлық құрал бір рет пайдалануға арналған және залалсыздандырылған.

Тест нәтижесі 15 минутта дайын болады.

3. Экспресс тестті кімдер жасата алады?

Вирустың таралуына қарсы қызмет еткендер;

Медицина қызметкерлері;

Тынысалу органдарының созылмалы ауруымен есепте тұрғандар;

Тыныс жүйесі ауруы симптомдары бар, бірақ ауруханаға жатқызылмаған науқастар;

Науқастармен байланыс жасаған адамдар;

Шетелден келген Қазақстан азаматтары;

Коронавирус инфекциясының тарауына қарсы жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметкерлер;

Карантинге жабылған аудандарда халықтың тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген ұйым қызметкерлері;

Эпидемиология көрсеткіштеріне байланысты басқа да адамдар.

4. Тест қандай принциптер бойынша жұмыс істейді?

Бұл тест қандағы SARS-COV-2 коронавирусына қарсы IgG, IgM класс антиденелерін анықтауға арналған.

IgМ антиденелері 7-10 күнде өндіріледі. Олар аурудың асқынғанын білдіреді.

IgG антиденелері 2-3 аптада өндіріледі. Бұл антиденелер вирустың ағзаға түскенін және иммунитеттің оны жеңгенін білдіреді.

5. Экспресс тест нәтижесі сенімді ме?

Экспресс тест нәтижесі бойынша диагноз қойылмайды. Ол ағзада вирустың бар-жоғын анықтамайды, тек иммунитеттің вирусқа реакциясын бағалайды.

Тест нәтижесі 90%-тен көп жағдайда ғана дәл келеді.  Нәтиженің жалған болып шығуы әбден мүмкін.

Диагнозды растайтын ең тиімді тәсіл - жұтқыншақтан алынатын ПТР (полимераза тізбек реакциясы) анализі. Осы арқылы  коронавирустың рибонуклеин қышқылын (РНҚ) анықталады.

6. Экспресс тест нәтижесі теріс болып шықса, не істеу керек?

Теріс нәтиже вирус жұқпағанын немесе оның ағзаға енді түсіп, оған қарсы денелер әлі қалыптаспағанын білдіреді.

Тест вирус барын көрсетпесе, бірақ ол ағзаға түскен болса, бұл басқа адамдарға қауіпті. Пациент карантинде, адамдардан оқшау болуы керек.

Карантин біткен кезде вирус жұқпағанын толық анықтау үшін қайтадан тест тапсыру қажет.

Тест нәтижесінде оң IgM класс антиденелері (немесе оң IgM және IgG антиденелері бірге) анықталса, онда вирус 7-14 күн бұрын жұққан.

Ағзадан оң IgG антиденелері табылса, демек, адамға коронавирус одан да бұрын жұққан немесе онымен иммунитет күрескен.

7. Экспресс тест жасату үшін не істеу керек?

Республикалық электрон денсаулық сақтау орталығының сайтына (Formcovid.eisz.kz) кіріп, анкета толтыру керек.

Кейін тесттен бірінші кімдер өтетіні анықталады. Олар тесттен тегін өтеді.

8. Сынақтан өту тәртібі қандай?

Қауіпсіздікті сақтау мақсатында тестілеу биоматериал алу үшін қатаң белгіленген орындарда өтеді.

Пациенттер 1,5-2 метр арақашықты сақтап, кезегін күтіп, белгіленген уақытта бір-бірден кіреді.

Тест жасатуға келгендер үшін кіретін және шығатын есік бөлек болады.

Адамдар тест орнына маска тағып баруға міндетті.