2020 жылдың басындағы жағдай бойынша Алматыда 470 мыңнан астам жеңіл автокөлік тіркелген, оның жартысынан астамының (250,2 мың) пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, қалаға күн сайын жақын аудандардан 200 мыңға жуық автокөлік кіреді. Оның шамамен 160 мыңының пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан. Бұл қаланың экология ахуалына және жол қозғалысы қауіпсіздігіне айтарлықтай әсер етеді.
Алматының көше-жол желісі XX ғасырдың екінші жартысында жоспарланған, қазіргі кезде жүктеме айтарлықтай артып отыр. 2019 жылы Алматыда жол-көлік оқиғасы салдарынан кептеліс болуы ықтимал 20 жол учаскесі анықталды.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2019 жылы Алматыда адамдар 4 489 жол-көлік оқиғасынан зардап шекті, 161 адам қаза тапты, 5 308 адам жарақат алды. 2018 жылы 4 498 оқиға болған, 133 адам қайтыс болып, 5 352 адам жарақат алды.
Алматыда жол апатынан қаза тапқандардың дені 21-29 жаста. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің 50%-тен астамы — 18-39 жаста азамат.
2019 жылы жол қозғалысы ережесін бұзудың 967,9 мың дерегі анықталды, бұл 2018 жылға қарағанда 18,7%-ке артық (815,1 мың). Жалпы сомасы 6,3 миллиард теңге болатын айыппұл салынды (2018 жылы 6,2 млиллиард теңге). 4,2 миллиард теңге өндірілді (2018 жылы — 3 миллиард теңге).
Жол апаты ұзын әрі қозғалысы реттелмейтін көшелерде және жолдары мен халқы тығыз орналасқан аудандарда жиі болады.
Мысалы, апат саны бойынша 1-орындағы Алатау ауданы — Алматының аумағы ең үлкен ауданы және ең ұзын жолдар да осы ауданда. 2-орындағы Алмалы ауданында жолдар тығыз, кеңсе, сауда және басқа да нысан көп шоғырланған. Ол халқының тығыздығы бойынша Әуезов ауданынан кейінгі екінші орында. Әуезов ауданы — қаланың тұрғындары ең тығыз қоныстанған ауданы, жолдардың тығыздығы бойынша ол Алмалы ауданынан кейінгі екінші орында.
Жол қозғалысының жиі бұзылатын ережелері: белгіленген жылдамдықтан асырып жүру, маневрды дұрыс жасамау, жаяулардың жолды белгіленген жерден өтпеуі немесе дұрыс өтпеуі.
Жол апатының көбі күндіз (65,7%/2884) болады. Сәуір, мамыр, маусым және қыркүйек — жолдағы оқыс оқиға көп тіркелетін айлар (барлық оқиғаның 38,8%-і осы 4 айға тиесілі). Апта күндерінен дүйсенбі, сәрсенбі және жұма статистикаға көп іліккен.
Жол апатын азайту үшін VisionZeroAlmaty іс-қимыл жоспары аясында жаяулардың реттелмелі өткелдері мен бағдаршам нысандары, шығыңқы аялдамалар, қауіпсіздік мүйістері салынды, жаяу жүргіншілерге арналған реттелмейтін өткелдерге LЕD-жарық орнатылды. Биыл бағдаршам нысандарын орнату, көшелерді орташа жөндеу, қауіпті жол учаскелерінде қауіпсіздік аймақтарын салу, реттелмейтін өткелдерді жарықтандыру жалғасып жатыр. 30 бағдаршам мен жаяуларға арналған реттелетін 70 өткел салынады.
Жол қозғалысы ережесін бұзуды тежеуге «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» автоматтандырылған ақпарат жүйесі мен «Сергек» камерасы ықпал етіп отыр.
«Жол қозғалысы қауіпсіздігі» жүйесінің 38,8% көмегімен 2020 жылдың 3 айында 63,4 мың заңсыздық тіркелді, кінәлілерге 299,9 миллион теңге айыппұл салынды. «Сергек» камерасы 37 мың деректі тіркеді, жүргізушілерге 156 миллион теңге айыппұл салынды.
Алматыда жол қозғалысы бойынша дүниежүзілік стандарттар мен нормативтер де енгізілгелі жатыр.