Оқап Мұқажан 2005 жылы Алматыға Кеген ауданынан (ол кезде Райымбек ауданы) көшіп келіп, қала аумағынан үй салмақшы болған. Жер сатып алғанша пәтер жалдап тұрып, қаражат жинаған, бірақ алаяқтарға алданып қалды. Кейін Түменбай ауылындағы үйді сатып, Алматыға жақын маңнан жер алған.

Артылған ақшама уақытша баспана салдым. Үлкен үй тұрғызуға қаражатым болмады. Тұрақты жұмысым да жоқ. Күнделікті тапқан табысым азық-түліктен артылмады. Жол жиегінде бөтелке шашылып жатқанын көріп, «бір күні бөтелкеден үй салып көрсем қайтеді» деген ой келді, — дейді ол.

Оқап Мұқажан. Фото: Гүлім Еркінбек

Бұл ойына әйелі мен балалары қарсы болыпты, бірақ ол алған бетінен қайтпай, әуелі бөтелкеден көмірқора салып көрген. Бұған дейін құрылыста істегені кәдеге жарап, бөтелкеден қабырға тұрғызуды біраз зерттепті. Көмірқора сәтті салынған соң ештеңеге қарамай, ерекше құрылысқа кірісіп кеткен.

Бөтелкеден салынған үй
Фото: Гүлім Еркінбек

Ақыры бөтелкеден үй салатын болған соң құрылыстың ең керек затын жинау керек. Оқап Мұқажан бөтелкені жол бойынан, қоқыстан, өзен жағасынан жинап, есекарбамен үйіне тасып отырады. Әртүрлі бөтелкенің ернеуін қалақшамен сындырып, бірдей қалыпқа келтірген. Үй салуға бөтелкені бір жылға жуық уақыт жинаған.

Бөтелкені дәл кірпіш сияқты қалаймын. Арасын балшықпен сыладым. Бөтелке сырғып кетпеуі үшін балшыққа қурай, ағаш үгіндісін араластырамын. Бөтелкені бір қатар қалап біткен соң үстіне қамыс қойып шығамын. Әуелі жертөлені қалап, кейін іргетасын құйдым. Екі қабатты үйді салуға 800 мыңдай бөтелке кетті. Қабырғасын көтерген соң үйдің ішін құммен сылап, левкаспен ақтадым. Үйдің қабырғасын жалғыз өзім қалағандықтан құрылысы ұзаққа созылды. Моншаны, тауыққораны, қоршауды да бөтелкеден салдым. Моншаны бұзып, қайта салайын деп жатырмын. Біз жақта егеуқұйрық көп. Іргетастың ішін бөтелке сынығымен толтырамын, сонда егеуқұйрық жоламайды, — дейді қария.

Ол үйін бітіруге шақ қалғанда «арақтан қалған бөтелкеден үй салғаның дұрыс емес, бұл һарам» дегенді естіп, басы қатады. Арам өлген малдың терісін илеп, көрпеше жасауға болатыны туралы пайғамбар хадисін оқып, «ішіне арақ құйылғанымен бөтелкенің жазығы не» деп ойлаған. Имамдар да бұл адал еңбек екенін айтқан соң құрылысты жалғастырған.

Алматыда бір жылы қатты жер сілкінді. Сол кезде көрші ауылда қонақта едім. Дастархан қозғалып, үй теңселіп кетті. Үйде қалған бала-шағаны бөтелке басып қалмас па екен деп есім шықты. Хабарлассам, бәрі жақсы екен. Олар жер сілкінгенін сезбепті де. Соған қарағанда бөтелкеден қауіп жоқ, — дейді ол.

Фото: Гүлім Еркінбек

Оның айтуынша, бөтелке жылуды жақсы сақтайды. Қыста үй жылы, жазда салқын. Жауын-шашын мен аяз күндері үйінің еш жері бүлінбеген. Қазір екі қабатты үйдің ішкі құрылысы аяқталған. Бөтелкеден салынған баспанада Оқап Мұқажан жұбайымен, келін-баласымен, немерелерімен тұрады.

Әртүрлі мекемеде қара жұмыс істеген ақсақал былтыр зейнетке шықты, бірақ ешқашан бос отырмайды. Қазір де бөтелке жинап жүр. Жақында жаңа монша салуды бастайды.