Қызылорда облысында аттестат алу рәсімінде карантин ережелері қатаң сақталады

Облыста биылғы оқу жылын 6059 мектеп бітіруші аяқтайды. Мектеп бітірушілердің 548-і «Алтын белгі», 363-і «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова баяндады.

Шара мектептің сыртқы ауласында ұйымдастырылады. Аттестат тапсыру барысында санитария шаралары қатаң сақталады. Атап айтқанда, шараға қатысушылар арасында әлеуметтік ара-қашықтықтың сақталуы, оның алдын ала орнының белгіленуі, маска режимі және барынша қатысушылар санын шектеу көзделіп отыр. Ертеңгі шарада түлектердің тек ата-анасы немесе заңды өкілінің қатысуы талап етіледі, — деді Ақзира Қасымова.

Шаралар мектеп бітіруші түлектердің санын ескере отырып белгіленген кесте бойынша өтеді. Онда сынып саны, бітіруші сыныптың саны ескеріледі. Салтанатты шара 45 минуттан аспауға тиіс, яғни түлектердің қоштасу вальсі, мерекелік отшашу өтпейді.

Мектеп мұғалімдеріне сыйлық алуға, басқа да шараларға, безендіру, жөндеу жұмысына, мектепке естелік сыйлық алуға, ата-аналар мен оқушылардан ақша жинауға қатаң тыйым салынды, — деді сала басшысы.

Сонымен қатар аудандық, қалалық білім бөлімдері, полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мектеп бітірушілердің кортежбен серуендеуіне, кафе-мейрамханаларда тойлауына, кешкі уақытта жалдамалы үйде, табиғат аясында серуендеуіне, өзен-көлдерге шомылуға тыйым салынады.