Дана Маратова: Туған күнімді Түркияда өткізе алмаймын
Ең үлкен арманымның бірі — туған күнімді Түркияда атап өту. Биыл сол арманымды орындау үшін құрбым екеуміз Ыстамбұлға баруды жоспарлаған едік. 20 қаңтарда маусымның 19-ына ұшаққа билет алдық. Ол кезде кейін дүниежүзінде пандемия жарияланатынын білмедік. 16 мамырда әуе компаниясының қызметкерлері коронавирусқа байланысты рейс тоқтағанын, сол себепті белгіленген күні ұша алмайтынымызды хабарлады. Көңіл-күйім түсіп кетті, бірақ әуе компаниясы билетті қайтаруға немесе басқа күнге ауыстыруға болатынын айтты. Содан біз билет уақытын 4 тамызға ауыстырдық.
Қазір Түркияда да коронавирус инфекциясы жаппай тарап жатқанын, ондағы жағдай әлі де қиын екенін білеміз, бірақ жоспарымызды тағы кейінге ысырғымыз келмеді. Ең бастысы — қайда жүрсек те, сақтануды ұмытпаймыз.
Төлепберген Мәліков: Сәуірдегі саяхатты күзге ауыстырдық
Пандемия жарияланардан бұрын досым екеуіміз Чехияға саяхаттауды жоспарлағанбыз. Ертерек виза, медицина сақтандыруын жасаттық. Чехиядан шақырту қағазын алдық. Барлық құжатты дайындаған соң 21 сәуірге ұшаққа билет сатып алдық. 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирустың таралуын пандемия деп жариялады. Пандемия бір айда бітеді деп үміттендік. Біраз уақыттан кейін Қазақстан сыртқы әуе қатынасын тоқтатқанын мәлімдеді. Сол кезде жұмысы тоқтаған әуе компанияларының тізімі шықты. Соның ішінде біз билет сатып алған Belavia компаниясы да болды. Бірден компанияға хабарласып, мән-жайды сұрадық. Тасымалдаушы бір күннен кейін ресми сайтында 2020 жылдың соңына дейін билетті қайтаруға, уақытын ауыстыруға болатынын хабарлады.
Біз билет уақытын күзге ауыстырдық. Себебі оны қайтарған жағдайда шығынданатынымызды түсіндік. Оның үстіне, сол кезде доллар бағасы көтерілді. Кейін сақтандыру компаниясына хабарласқанымызда олар ақшаны қайтармайтынын айтты. Оны 50 мың теңгеге жасатқанбыз. Енді қайтадан жасатуға тура келеді. Ал виза 21 сәуірден 31 мамырға дейін жарамды еді. Оның да мерзімі өтіп кетті. Бірақ Чехия 2020 жылдың соңына дейін визаны тегін жасап беретін болды.
Әрине, Чехияға жоспарлаған күні бара алмағанымыз өкінішті, бірақ әр нәрсенің жақсы тұсы бар екен. Дүниежүзінде жағдай жақсарса, бізбен бірге басқа достарымыз да барады. Бұл — мен үшін қуанышты хабар.
Назерке Абибулла: Еуропа үшін алған көйлегімді әлі кимедім
2019 жылы жұмыс бабымен Еуропа елдеріне барғанмын. Сол кезде маған ол жақтың адамдары, табиғаты ұнады. Содан келесі жылы Еуропаға демалуға барамын деп шештім. 2020 жылдың наурызына ұшаққа билет сатып алдым. Жоспар бойынша бірінші Мәскеуге, Мәскеуден Чехияға баруым керек еді. Одан әрі Италияда, Португалияда саяхаттағым келді. Кенеттен дүниежүзіне жаңа вирус жаппай тарай бастады. Италия мен Португалияда коронавирус жұқтырғандар саны көбейді. Тым болмаса, Чехияны көріп келемін деп ойладым, бірақ ұшуға бір апта қалғанда ойымнан айни бастадым. «Жұқтырып алсам не болады», «Вирусты Қазақстанға әкелсем, жақындарым да ауырып қалады ғой» деген ой мазалай бастады. Facebook желісінде көп саяхаттайтын қыздардың тобына қосылғанмын. Сол топтағылардың вирусты одан әрі өршітпеу үшін саяхаттан бас тартып жатқанын көрдім. Бұл нәрсе жауапкершілік екенін сезген соң әуе компаниясына хабарласып, шетелге шықпайтынымды айттым. Олар мен өз еркіммен ұшудан бас тартқандықтан билет ақысын қайтармайтынын, басқа күнге ауыстыратын болсам, тағы қосымша ақша төлеуім керек екенін айтты. Қаражатымды қайтара алмаған соң билеттің уақытын шілдеге ауыстырдым. Оған қосымша 32 мың теңге төледім. Медицина сақтандыруының, визаның мерзімі өтіп кетті. Медицина сақтандыруын қайтадан ақы төлеп жасатуым керек. Ал визаны қайту жасату тегін. Енді шілдеде тағы бара алмайтын болсам, әуе компаниясы билетті басқа күнге тегін ауыстыратын болды.
Жоспарым бұзылды. Біраз қаражатым босқа кетті, бірақ өкінбедім. Себебі мен сияқты жағдайға тап болған адамның көп екенін білемін. Саяхаттан бұрын біз өзіміздің, жақындарымыздың, жерлестеріміздің денсаулығын ойлауымыз керек. Еуропада қыдырғанда киемін деп арнайы көйлек сатып алып едім. Сол көйлегімді әлі кие алмай жүрмін.
* * *
Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.