Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова жиында қозғалған басты мәселе — ғылым мен білімнің дамуына қатысты жаңа жүйелерді қалыптастырудың маңызы ерекше екеніне тоқталды.
Ел экономикасының дамуы ең алдымен елдің білімі мен ғылымының дамуына тікелей байланысты. Сондықтан осы салада жаңа жүйелерді қалыптастырудың маңызы ерекше. Осы ретте Президент 2025 жылға дейінгі білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта зерделеу қажеттілігіне тоқталды. Сонымен қатар 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат алты есе, ғылымға бөлінетін қаржы жеті есе өсетінін және 800 мектеп салынып, педагогика саласындағы студенттердің стипендиясы 42 мың теңгеге дейін артатынын айтты. Бұл білім, ғылым саласы қызметкерлері үшін үлкен серпіліс болғаны белгілі, — деді ректор.
Президенттің мәлімдеуінше, ғылым саласын жетілдіру мақсатында мемлекеттен бөлінетін гранттар саны үш есе артады. Жыл сайын 100 ғалым шетел тәжірибесінен өтуі керек.
Әлемнің белді оқу орындары мен ғылыми орталықтарының озық тәжірибесін игеру, білім мен ғылымды дамытудың ең басты көрсеткіштерінің бірі екені белгілі. Ұлттық кеңес отырысында бұл мәселеге де баса назар аударылды. Дарынды жастар шетелде білім алып, жыл сайын кемінде 100 ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалмақ. Бұл талантты жастарға көрсетілген үлкен қолдау екені сөзсіз, — дейді Бейбіткүл Кәрімова.
Мемлекет басшысы білім граттарының құнын көбейтіп, сол арқылы оқытушылардың жалақсыны кезең-кезеңімен арттыратынын айтты. Ғылым және білім саласындағы өзге де түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып, озық идеялар мен ұсыныстарын мәлімдеді.
Президенттің әрбір бастамасы – ең алдымен адами капиталды дамытуға бағытталған. Осы ретте білім саласын жетілдіру, ғылымды өркендету жолындағы әрбір қадам жоғары оқу орындарының алдына үлкен жауапкершілік жүктеп отырғаны белгілі. Бұл жасампаз реформалар жемісін беріп қана қоймай, әлеуметтік саланың серпіліс беруіне жол бастайды. Ең бастысы, ел болашағы, жастардың әлеуетін арттыру, ел тізгінін ұстайтын бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда аянбай еңбек ету біздің басты мақсатымыз болып қалмақ, — деп түйіндеді Бейбіткүл Кәрімова.