Биылғы қаңтар-наурызда Қазақстаннан кетіп қалғандар саны былтырғы алғашқы 3 айға қарағанда 12,1% аз болды. Дегенмен мамандардың шетелге кетуі тыйылған жоқ.

Finprom.kz мамандарының мәліметінше, қаңтар-наурыз айларында барлығы 7,3 мың адам елден кетіп қалған. Былтыр осындай кезеңде 8,4 мың адам Қазақстаннан көшіп кеткен еді.

Елден кетіп қалғандар санының азаюына негізгі себеп – COVID-19 вирусының таралуына байланысты қолға алынған карантин шаралары. Солай бола тұра осы уақыт аралығында Қазақстанға көшіп келгендер саны 34,4% көбейіп, 4,3 мың адам болды, – деп хабарлады аналитиктер.

Биыл елден кетіп қалғандардың 72,9%-і немесе дені – 16-дан асқан, зейнет жасына дейінгі еңбекке қабілетті азамат. Жалпы саны – 5,4 мың. 15 жасқа дейінгілерден 1,7 мың, зейнеткерлерден 326 адам шетелге көшіп кетті.

Елден кетіп қалған еңбек қабілетті азаматтардың 4,3 мыңы – белгілі бір саланың маманы. Оның 1,2 мыңының техникалық білімі бар, 704 адам – экономист, 353-і – педагог.

Басқа елге қоныс аударғандардың 1,2 мыңы (16,1%) – Шығыс Қазақстан облысының, 917-сі (12,5%) – Қостанай облысының, 857-сі – Павлодар облысының тұрғыны. Елден кетіп жатқан азаматы көп өңірлер қатарына Қарағанды (830 адам) мен Солтүстік Қазақстан (728 адам) облыстары да еніп отыр.

Эмиграция

Қазақстан азаматтары негізінен Ресейге көшіп жатыр. Көрші елге 6,4 мың адам кетті, бұл – эмигранттардың 86,6%-і. Германияда 456 (6,2%), Өзбекстанға 115 (1,6%), АҚШ-қа 106, Беларуське 51 адам кетіп қалды.

Эмиграция

Айта кету керек, 2019 жылы Қазақстаннан 45,2 мың адам көшіп кетті, өзге елден небәрі 12,3 мың адам келді.