Безеу немесе акне — түк фолликулының терінің өлі жасушаларымен және маймен бітелуінен болатын тері ауруы. Бет терісінің майлануы, қара нүктелер, іріңді бөртпелер безеудің негізгі белгілеріне жатады. Ольга Лашинаның айтуынша, безеуге гормондардың өзгеруі, тұқымқуалаушылық, климат, күйзеліс, дұрыс тамақтанбау мен жеке бас гигиенасының бұзылуы себеп болады.

Жыныс гормоны — андрогендер майды көп бөледі. Май қалдығы тері астында қалып қояды. Ол бактериялармен бірігіп, теріні зақымдайды. Безеу бетке ғана емес, арқаға, мойынға, кеуденің жоғары бөлігіне де шыға береді, әсіресе 14-17 жастағы жасөспірімдердің терісіне көп шығады. Адамдардың көбінде безеудің пайда болуы генетикаға тікелей байланысты. Кейде климат жағдайлары мен күйзеліс те безеудің пайда болуына әсер етеді, — дейді дәрігер.

Ольга Лашина
Ольга Лашина. Фото жеке архивінен

Дерматологтың айтуынша, безеу асқазан-ішек жолы ауырғаннан шықпайды. Ішек микрофлорасының бұзылуы мен асқазанның созылмалы ауруының безеуге еш қатысы жоқ. Сондықтан безеуден құтылу үшін бұл ауруларға қарсы дәрі-дәрмек ішпеу керек. Косметологқа емес, дерматологқа қаралған жөн.

Дерматолог пен косметолог екеуі — екі басқа маман. Адамдардың көбі акнені косметологқа барып, пилинг, плазмотерапия, тазарту, мезотерапия әдістерімен емдеуге тырысады. Бұл косметологияның мәселесі емес, тері ауруы екенін білу маңызды. Безеуі бар адамның проблемасын дерматолог қана шешуі керек. Емнен кейінгі күтім үшін немесе безеуден қалған дақты кетіру қажет болған кезде ғана косметологтың көмегіне жүгінуге болады, — дейді Ольга Лашина.

Дәрігер безеуді емдеуді ерте қолға алу керек екенін айтты. Өз бетінше ем жасау ауруды асқындыруы мүмкін.

Дерматолог пациентке әуелі құрамында бактерияға қарсы компоненті бар кремдерді, қышқылдарды, витаминдер мен сорбенттерді, олардың әсері уақытша ғана болса немесе мүлдем әсер етпесе, антибиотиктер мен ретиноидты препараттарды жазып береді. Оның да сыртқа және ішке қолданатын түрі болады. Ішуге болатын препарат май бездерінің жұмысын қалпына келтіреді, терінің шамадан тыс майлануын тежейді, бірақ оның кері әсері де болуы мүмкін. Ретиноиды бар препарат — безеуді емдеуге арналған таңдаулы дәрі. Оны қалай қолдану керек екенін дерматолог белгілейді, — дейді маман.

Безеу
Фото: Zen.yandex.ru

Бет терісі сау болуы үшін дұрыс тамақтану режимі маңызды. Дерматологтар қауымдастығы сүт өнімдерін көп тұтыну бетке безеу шығуына ықпал ететінін дәлелдеген.

Гликемия индексі (тамақ құрамындағы көмірсудың қандағы глюкоза деңгейіне әсер ету көрсеткіші) жоғары тағамды пайдалану бетте безеу көбеюіне себеп болады. Мұндай өнімдерге құрамында қанты көп газдалған сусындар, фастфуд, чипс, кондитер тәттілері жатады. Безеуден құтылғыңыз келсе, сүт өнімдері мен тәттіні азайтуыңыз керек, — дейді дерматолог.

Безеуден сақтанудың немесе одан құтылудың тағы бір амалы — үйде бетті дұрыс күту. Бетті тазартатын құралдарды терінің типіне байланысты таңдау керек. Бет күтімі үш кезеңнен тұрады: жақсылап жуу, тоникпен тазалау және ылғалдандыру. Ольга Лашинаның айтуынша, адамдар таңертең және кешкісін бетті тоникпен тазалауға ерінбеуі керек, ол ылғалдандырушы кремнің теріге жақсы сіңуіне септігін тигізеді.

Тоник жуынуға арналған құралдың құрамындағы pH деңгейін бейтараптандыру үшін керек. Бет терісінде pH көрсеткіші жоғарыласа, тері тітіркеніп, қабыршықтанып кетеді, тіпті кейде тері ауруларына ұрындырады, — дейді дәрігер.