Басты бетЖаңалықтарАлматыдағы полицейлердің...

Алматыдағы полицейлердің қазасы: лауазымды тұлғалар жазаланды

Polisia.kz-тің хабарлауынша, жеке құрам заңсыздыққа жол берген.

Тәртіп бұзған қызметкерлерге қатысты дер кезінде тиісті шаралар қолданылмаған. Сонымен қатар БАҚ-қа ақпаратты бұрмалап ұсыну фактілеріне баға берілді. Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен басшылық буындағы тоғыз қызметкерге қатысты тәртіптік жазалау шаралары қабылданды, — делінген хабарламада.

Алматы ПД патруль полициясы полкі командирінің орынбасары, полиция подполковнигі Қуаныш Сатаев, департаменттің кадр саясаты басқармасының басшысы, полиция полковнигі Олжас Мырзабеков, департаменттің жеке құрам бойынша инспекция басшысы, полиция подполковнигі Арнұр Ақылбеков лауазымынан босатылды.

Алматы ПД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манап Саттаровқа (бұрын полк командирі қызметін атқарған), өзіндік қауіпсіздік басқармасының басшысы полиция подполковнигі Саламат Көкірекбаевқа, полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Әбдуәли Нашарбековке қызметіне толық сай келмейтіні ескертілді.

Алматы полиция департаменті басшысы Қанат Таймерденовке, департамент басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбековке, департаменттің бөлім басшысы, полиция подполковнигі Салтанат Әзірбекке қатаң сөгіс жарияланды.

Қанат Таймерденовке сеніп тапсырылған бөлімшенің қызметін ұйымдастырудағы кемшіліктері үшін қатаң сөгіс жарияланып отыр.

Әр басшы өзінің қарамағындағыларға жауапты. Ол жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтауды қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс Алматы полиция департаментінде тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Нәтижесінде біз бірден екі қызметкерден айырылып қалдық, бір қызметкер ауыр жараланды. Біздің барлығымыз үшін, әсіресе, туған-туысқандарымыз үшін бұл — үлкен қайғы-қасірет және орны толмас қаза. Сондықтан бұл төтенше оқиғағаға жол берген басшыларға тиісті шаралар қолданылды. ІІМ басшылығы алдағы уақытта да қызмет тәртібін сақтауды қатаң талап етіп, полиция қызметкерлерінің кез келген тәртіп бұзуына принципті баға беріп, қатарын жаңа жағдайда жұмы істегісі келмейтін немесе жұмыс істей алмайтын адамдардан тазалайды, — деді министр Ерлан Тұрғымбаев.

25 мамырда Алматыға кіреберістегі блокпостардың бірінде мас жүргізуші үш полицейді қағып кетті. Ауыр соққыдан полиция департаментінің екі қызметкері — Жарас Жанғазиев пен Дастан Абдықанов қайтыс болды. Тағы бір полицей — Ербұлан Сейдәзім ауруханаға түсті. Көлік жүргізушісі Азат Азаматов қамауға алынды. Оқиға куәгерлері оның да полиция қызметкері екенін айтты. Полиция департаменті өкілдері әуелі бұл ақпаратты жоққа шығарды, кейін ішкі істер органдарында бұрын қызмет еткенін хабарлады. Марқұм Дастан Абдықановтың жары да ақпарат құралдарына Азат Азаматовтың полицияда қызмет ететінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған тәртіп сақшыларын «Айбын» орденімен наградтады.