Мерейлім Әшірбай, Нұр-Сұлтандағы №48 мектеп-лицей түлегі:
Жылдың басында бұлай болады деп ойламадық. Соңғы қоңырауға, мектеп бітіру кешіне дайындалдық, вальс билейтін музыка мен жұбымызды таңдадық, тіпті кейбірі бал көйлегін тапсырыспен сатып алып қойған еді. Ал сәуірде соңғы қоңырау да, мектеп бітіру кеші де болмайтынын білдік.
Кластағы барлық оқушының көңіл-күйі түсіп кетті, кейбірі 9-кластан кейін колледжге түспей, соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кеші үшін ғана мектепте қалған болып шықты. Бізден бір жыл бұрын мектеп бітіргендерге қарап, «ертең біз де мектеп бітіреміз, сол кезде осылай істейміз» деп жоспарладық.
Күтпеген жерден коронавирустың тарауы пандемияға айналып, бүкіл жоспарымыз бұзылды, бірақ анам «басы қатты болса, аяғы тәтті болады, алдағы сынақ — ҰБТ-дан жоғары балл жинасаңдар, бәрі жақсы болады» деді. Шынымен ҰБТ-дан жоғары балл алып, грантпен оқуға түссем, соңғы қоңырау мен мектеп бітіру кеші болмайтынына ренжімейтін де сияқтымын. Мен үшін басты нәрсе сынақ болып тұр.
Оразбай Сейітмағамбет, Ақтөбедегі №47 орта мектеп түлегі:
Мектеп бітіру кеші болмайтынына ренжулімін десем, шынайы жауап болатын шығар. Мұны алғаш естігенде біртүрлі сезімде болдық.
Өйткені осы сәтті қанша уақыт күттік, аңсадық, бірақ алда ҰБТ дейтін сынақ бар. Қазіргі бар ойымыз ҰБТ туралы деуге болады. Осы сынақты тапсырып болған соң мектеп бітіру кеші туралы бәрібір ойлайтын сияқтымыз. Негізі кластастарым «Рұқсат бермесе де, ешкімге айтпай, мектеп бітіру кешін ұйымдастырайық» деп әзілдеп жатыр.
Жадыра Сабыржанқызы, Түркістан облысы Қайнар ауылы М.Әуезов атындағы орта мектеп түлегі:
Биыл 25 мамырда 11-класс оқушыларына соңғы қоңырау салтанаты болған жоқ. Бұл күні салтанатқа мектептегі 1-10-класс оқушылары онлайн қатысты. Ал мектеп түлектеріне 3-4 маусым күндері аттестат алатын кезде қоңырау соңғы рет соғылады. Мұны естіп, қатты қуанып қалдық. Өйткені мұның алдында мектеппен қоштаса алмайтынымызды біліп, көңіл-күйіміз түсіп кетіп еді.
Енді 3-4 маусым күндері ата-анамызбен мектепке барамыз, аттестат аламыз, вальс билейміз. Бұл — үлкен қуаныш. Соңғы қоңырау салтанатына керек заттарды біртіндеп алып жатырмыз, көйлек тіктірдік, енді вальсқа дайындалып жатырмыз.
Бір жақсысы — мектепті мемлекеттік емтихансыз аяқтаймыз. Биыл мектеп бітіретін екі 11-класс бар. Биылғы соңғы қоңырау салтанатына осы екі класс бөлек қатысады. Оған медицина маскасын тағып, қолғап киіп барамыз. Біздің мектеп бітіруіміз осындай сәттермен есте қалайын деп тұр.
Қазіргі бар ойымыз — аттестат алып, қоңырау үнін оқушы ретінде соңғы рет есту. Содан кейін ҰБТ-ны ойдағыдай тапсырсақ дейміз. Бұл сынақ та бұрынғыдан өзгерек болайын деп тұр. Аудиторияда аз оқушы болады, араларында қашықтық сақталады.