Бүйрек қызметінің бұзылуына көбіне не себеп болады?
Бүйректің негізгі қызметі — ағзадан керексіз заттарды шығару, бұл қызмет бұзылса, токсин адамның басқа органдарын да зақымдайды. Нефрологтың айтуынша, сол себепті зәршығару органының жұмысы нашарлаған адам арықтап не ісінуі мүмкін. Тамаққа тәбеті соқпай, аузынан жағымсыз иіс шығады. Денесі қарайып, кіші дәреті азаяды. Ал бүйрек қызметінің бұзылуына негізінен созылмалы аурулар себеп болады.
Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінше, бүйректі бірінші зақымдайтын ауру қант диабеті болса, одан кейінгі орында қүретамыр гипертониясы. Адам қант диабетімен 15 жылдай ауырса, диабет нефропатиясына шалдығады. Бұл — аурудың асқынған түрі. Жастар көбіне жедел респиратор вирус инфекциясы мен тұмау салдарынан бүйрек ауруларына шалдығуы мүмкін, — дейді Назым Жұмағұлова.
Бүйрек ауруларына мынадай жағдайлар себеп болуы мүмкін:
- Дұрыс ұйықтамау. Адам ұйықтап жатқанда бүйрек тіні жаңарады. Ал нашар ұйқыдан ол толық қалыпқа келмей, ағза кідіріс жасайды.
- Алкоголь мен темекі. Темекі тартып, алкоголь ішетін адамның бүйрегі ағзадағы токсиндерді шығаруы үшін екі есе көп жұмыс істейді.
- Аз қозғалу. Қимыл-қозғалыс бүйрек жұмысын жақсартады. Көп қозғалмайтын адамның бүйрегіне тас жиналуы мүмкін.
- Газдалған және басқа да тәтті сусындар. Таза су бүйрек жұмысын жеңілдетеді. Мұндайда шай мен түрлі сусын кәдімгі суды алмастыра алмайды. Күнде суды нормасымен ішу бүкіл токсиннің шығуына ықпал етеді.
- Тұзды тағамдар. Рациондағы тұзды және ауыр тағамдар да су-тұз теңгерімін бұзады.
Адам бүйрегі ауыратынын біле ала ма?
Нефрологқа келетін пациенттер көбіне қан қысымы көтеріліп, аяғы ісетінін айтады екен. Жүрегі айнып, ентігетіндер де бар, бірақ, дәрігердің айтуынша, мұның бәрі бүйректің жұмысынан емес, басқа себептен де болуы мүмкін.
Ауруханаға келгендер «бүйрегім ауырады» дейді. Негізі бүйректе жүйке жоқ, сондықтан оның ауырғаны сезілмейді. Кейбірі белінің ауырғанын бүйрекпен шатастырады. Ал ол пациентте омыртқа жарығы, остеохондроз болуы да мүмкін, — дейді нефролог.
Дәрігер бүйрегі ауырғанын сезген адам өзін өзі емдеумен айналыспауы керек екенін ескертті. Диагнозды анықтау үшін қан, зәр анализі алынып, орган ультрадыбыспен зерттелуі керек.
Дәрігерге бара алмаған жағдайда ауырғанды басатын «Но-шпа» дәрісін ғана ішуге болады. Ал қабынуға қарсы «Кетонал», «Кетанов», «Анальгин», «Баралгин» сияқты стероид емес препараттар бүйректің жұмысын одан сайын нашарлатады. Сонымен бірге салмақ қосатын, арықтататын шөп сусындарын да ішпеген дұрыс, — дейді ол.
Бүйрек ауруы жүкті әйелге қалай әсер етеді?
Алғашқы жүктілік кезінде қыз-келіншек ағзасында көп өзгеріс болады. Дәрігердің айтуынша, бұл — қалыпты физиологиялық кезең. Жүкті әйелдің бүйрегі босануға дейін ғана қабынуы мүмкін. Дегенмен бала көтерген әйел зәршығару жүйесіне аса мән беруі керек.
Құрсақтағы баланың өсіп-жетілуі, әйелдің өзін жақсы сезінуі, ойдағыдай күтінуі бүйректің қызметіне байланысты. Бүйректегі қандай да бір кінарат нәрестенің шетінеуіне, плацентаның ажырап, су кетуіне және әйелдің уақытынан бұрын босануына себеп болуы мүмкін, тіпті бүйректің дұрыс жұмыс істемегенінен әйел дені сау бала туа алмайтын жағдайлар да болады, — дейді Назым Жұмағұлова.
Бүйрек ауруларынан қалай сақтану керек?
Нефрологтың айтуынша, ақуыз бен тұзды көп пайдалану бүйрекке зиян. Суық тигізу, аяқты жылы ұстамау да оның қызметін бұзады. Қант диабетімен, гипертониямен ауыратын адамдар бүйрегін жиі тексертіп тұруы керек. Мұндай анализдер қымбат емес, тіпті тегін де жасалады.
Суды көп ішіп, кіші дәретке жиі бару керек. Барынша жылы жүру де бүйрек жұмысына жақсы әсер етеді. Пациенттер «кіші дәретке уақтылы барамын, бүйрегім ауырмайды» деп ойлауы мүмкін. Негізі зәрдің иісі мен түсіне де мән беруді ескертеміз. Ішкен сұйық пен несеп мөлшерінің сәйкестігіне, салмақ пен қан қысымына да көңіл бөлу керек, — дейді дәрігер.
Бүйрек аурулары көп аурумен қатар жүреді. Қандай да бір операция жасататын пациент нефрологтың кеңесін алуы қажет. Себебі наркоз бүйрекке әсер етіп, оның жұмысын уақытша тоқтатып тастауы мүмкін.