Finprom.kz сайтының мәліметінше, кибершабуылдың басым бөлігі банк секторына, электрон коммерция мен онлайн ойын ресурстарына жасалған.

2020 жылдың қаңтар-сәуір айларында ақпараттық қауіпсіздік бойынша шабуыл 32,1% қысқарды. 2019 жылдың осы айларында 7 мыңға жуық кибершабуыл жасалса, биыл олардың саны 4,8 мың болған.

Былтыр барлығы 20,8 мың кибершабуыл жасалса, биылғы шабуыл саны — 20,4 мың.

Кибершабуыл
Инфографика: Finprom.kz

Ақпараттық қауіпсіздіктің бұзылуы көп жағдайда ботнетпен байланысты. Ботнет — зиян бағдарламамен зарарланған компьютер желісі. Ботнет арқылы шабуыл жасаушылар қолданушының компьютерін қожайынының рұқсатынсыз-ақ басқара алады. Ботнет бойынша елімізде 4 айда 2,8 мың оқиға тіркелді. Бұл былтырмен салыстырғанда 52,7% аз.

Санының өсуі жөнінен екінші орында қолданушының ақпаратына интернетке қосылмай жасалатын шабуылдар тұр. 4 айда мұндай оқиға саны 882-ге жетіп, 2,7% өскен.

Ақпараттық қауіпсіздік оқиғаларының ең жиі кездесетін түрі – фишинг. Бұл тәсіл арқылы көбіне аккаунт пен банк шоттарына шабуыл жасалып, қолданушының жеке мәліметін алуға мүмкіндік болады. 2019 жылы 4 айда 300 фишинг жасалса, биыл оның саны 450-ге жетіп отыр. Осылайша фишинг былтырғыдан 50% көбейген.

Кибершабуыл
Инфографика: Finprom.kz

Банк секторына жасалатын шабуыл көбіне интернет ресурсының эмуляциясы арқылы жүреді. Шабуылдаушылар пайдаланушыға қажет авторизация мен сауалнама жүргізу кезінде банк шотының нөмірін немесе карта реквизитін қалдыруды сұрайды. Сонымен қатар фишинг сайттарда танымал брендтерді көшірген онлайн сервистер көбейген. Сол арқылы хакерлер адамдарды онлайн сатып алуға шақырып, олардың жеке мәліметін көшіріп алады.