Басты бетҚоғамҚызылордалықтар ХҚКО-ға...

Қызылордалықтар ХҚКО-ға кезек уақытына бронь жасап барып жатыр

Алғашқы жұмыс күні осы ХҚКО-ларда 2359 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың 50%-тен астамы алдын ала брондау арқылы қамтамасыз етілген. Қалғандары сол жерде бронь жасаған немесе операторлардың босауын күткен. Сонымен қоса, облыс бойынша Халыққа қызмет көрсету арқылы 1059 тұрғын құжаттандырылып, 40 азамат тұрғылықты жері бойынша тіркелді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиал директоры Айдын Қайруллаев мәлімдеді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коронавирус пандемиясы қауіпінің сақталуына байланысты мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа форматын ұсынды. Осыған сәйкес азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан тек қағаз жүзіндегі қызметтер мен онлайн рәсімделген қызметтердің нәтижелерін ала алады.

Бұл ретте қызметтерді тек алдын ала жасалған броньдау арқылы алуға болады. Халыққа қызмет көрсету орталығына кезек уақытын egov.kz порталы мен Telegram-Bot қосымшасы арқылы немесе «1414» нөміріне қоңырау шалу арқылы белгілеуге болады.

Бұл жаңашылдықтар тек қалалық Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына қатысты. Ал аудандық маңызы бар қалаларда, сондай-ақ аудан орталықтарында орналасқан бөлімдерде келушілердің ағыны қалаға қарағанда айтарлықтай аз болуына байланысты өзгеріссіз бұрынғы режимде жұмыс істейді.

Кезекті алдын ала броньдау ең алдымен азаматтар үшін өте ыңғайлы. ХҚКО-ға бірден қызмет алу үшін немесе құжатын алып кету үшін ғана барады. Кеше бірінші жұмыс күні кезекке тапсырыс бермеген қызмет алушының өзінен жағымды пікір естідік. Олар қызметтерді тез алуға болатынын өздері көріп, келесі жолы тек броньдау арқылы келуге уәде берді, – деді Айдын Қайруллаев.

Филиал директоры кезекке тапсырыс берген клиенттердің белгіленген уақыт аралығында келуі керегін айтты. Себебі бронь уақыты өтіп кетсе, қайта бронь рәсімін жасау керек болады. Сонымен қатар бронь барысында тіркелген ЖСН иесі ғана электрон кезекті пайдалана алады.

Төтенше жағдай мерзімінде 9 мыңнан астам қызылордалықтардың жеке куәлік мерзімі өтіп кеткен екен. Осыған орай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы көші-қон басқармасы және облыстық білім басқармасымен бірлесіп игі бастаманы қолға алды. Фронт-офис және көші-қон мамандарымен осындай мәселелерге кезігіп қалған зейнет жасындағы және мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне барып, формулярмен құжаттарын рәсімдеп берді. Енді жеке куәлік мерзімі өтіп кеткен зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар болса, «1414» байланыс орталығына хабарласып электрон өтініш білдіреді. Өтініш түскеннен соң мамандар үйлеріне барып, құжаттандыру жұмыстарын жүргізеді.

Естеріңізге сала кетейік, азаматтар электрон форматқа аударылған және egov.kz порталында қолжетімді барлық мемлекеттік қызметтің 80%-тен астамын өздігінен алу үшін арнайы өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары ашылды. Онда азаматтар өзіне қажет қызмет түрлерін онлайн ала алады.

Өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары Қызылордада мына мекенжайларда орналасқан:

– қалаға қарасты барлық ауылдық округ әкімдігінің ғимараты;
– Әбділда Тәжібаев облыстық кітапханасы;
– сол жағалауда орналасқан облыстық жастар ресурстық орталығы;
– «Бақытты отбасы» орталығы;
– қаламыздағы барлық емханада;
– қалаға қарасты барлық мектепте.