Қадір түні Рамазан айының кейінгі 10 күнінің бірінде өтеді. Бұл – мұсылмандар үшін жасаған әрбір ізгі амал мен құлшылықтың, қайырымды істің сауабы мың еселеніп жазылатын түн. 2020 жылы Қадір түні мамырдың 19-нан 20-на қараған түнге сәйкес келіп отыр. Еліміздегі мұсылмандар бұл түнді коронавирус инфекциясының таралуына дейін мешітте өткізе алатын. Биыл ҚМДБ-ның Шымкенттегі бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров карантин режимін қатаң сақтап, Қадір түнін үйде өткізу керек екенін айтты. 19 мамырда мешіттер тек 20.00-ге дейін ашық болады.
Тәртіпке бағынуды сұраймыз. Бұл — сіз бен біздің, отбасымыз бен ең жақын туыстарымыздың денсаулығы мен өмірінің игілігі үшін қабылданған шара, — деді басқарма өкілі.
Қаладағы бас имамның орынбасары Мұхамеджан Естеміров қасиетті Қадір түні үйде отырып мынадай амалдарды орындау керек екенін айтты:
- Сол күні кешкі ауызашарда дұға-тілек ету керек.
- Құптан намазында 20 рәкағат тарауық намазын оқу қажет.
- Құран, хадис кітаптарын немесе Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір тарихын оқыған дұрыс.
- Тәспі тарту керек.
- Қадір кешінде «Таһажуд», «Қажет» намаздарын оқуға болады. Бұл намаздар төрт бас етіп оқылады.
- Қадір түнін мүмкіндігінше ұйқысыз өткізу қажет. Дегенмен ұйықтап қалған жағдайда ол күнә болып саналмайды. Бірақ уақытты құмар ойындарын ойнап немесе жағымсыз фильм көріп, бос өткізу күнә болып саналады.
- Ата-ананы, алыс-жақын ағайын, бауырларды, дос-жарандарды қасиетті Қадір түнімен құттықтау, арнайы сый-сияпат беру, көңілін көтеру — ең жақсы амалдардың қатарына жатады.
- Таң атқанға дейін төрт рәкағат нәпіл намазы оқылады. Оған былайша ниет етіледі: «Я, Раббым! Ниет еттім Рамазан айы, Қадір кешінде нәпіл намазын оқу үшін». Бұл намаздың оқылу тәртібі: Бірінші рәкағатта «Фатиха» сүресін, бұдан кейін үш рет «Қадір» сүресін оқу. Екінші рәкағатта «Фатиха» сүресінен кейін үш рет «Ықылас» сүресін оқу, үшінші, төртінші рәкағаттарда жоғарыдағыдай етіп оқу керек. Өзі білетін өзге де сүрелерді оқи беруге болады. Осы намазды оқып болған соң адам Алла Тағаладан өзіне, барша адамзатқа, отбасына амандық, ризық-несібе сұрап, бұл дүниенің және ақыреттің барша жамандығынан аман болуды тілеу қажет.