Қадір түні қандай адамдардың құлшылығы қабыл болмайды?

Қадір түнінің артықшылығы

Сахаба Әнас ибн Мәлік (р.а.) былай деп айтқан:

 «Рамазан келгенде, Алланың Елшісі (): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады!», – деп айтты».

 Сахаба Әбу Хұрайра жеткізген хадисте  пайғамбарымыз (): «Кімде кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі»,- деген екен.

Қадір түнінің қасиеті

Қадыр түні (араб. |لَيْلَةِ الْقَدْرِ — Ләйләт-ул-Қадыр) — қасиетті түн. Ораза айының соңғы он күнінің бірінде болады. Бұл түн туралы Құран Кәрімнің“Қадыр сүресінде” айтылған. Бес аяттан тұратын сүреде Құранның Қадір түнінде түсірілгендігі, оның мың айдан қайырлы екендігі, бұл түнде Жәбірейіл періште Алла әмірімен жер бетіне түсіп, адамдарға қызмет ететіндігі және таңға дейін тыныштық болатындығы айтылады. Қадір түні періштелер мұсылмандарға дұға оқып, тілеулес болады. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болатындығына байланысты мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізуге тырысады. Кейбір риуаяттарға қарағанда Қадір түні. Рамазан айының 27-ші түні, дегенмен Қадір түнінің дәл қай түн екені белгісіз. Сондықтан тақуа кісілер Ораза айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізеді.

Қадыр түні — бүкіл адамзатқа Құран түсе бастаған ерекше қасиетті түн. Араб тіліндегі «қадр» сөзі «мән-маңыз» және «өлшем» деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар бұл сөз «құдырет» мағынаны да қамтиды.

Қадыр түнінің қасиетін жұмыр басты пенде өз ақылымен біле алмайды. Сондықтан оның қадір-қасиетін Жаратушымыздың өзі «Қадір» сүресінде: «1. Біз Оны (Құранды) қадір түні түсірдік. 2. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Аллаһ Тағала білдірмесе) қайдан білесің? 3. Қадір түні мың айдан да артық. 4. Ол түні Аллаһтың рұқсатымен кез келген іс үшін Рух пен періштелер түседі. 5. (әсіресе ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Аллаһтың рақымы мен есендігі жауады», — деп баяндайды.

Осы түні жасаған күнәләрдің барлығы кешіріледі

Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Аллаһ Қадір түнін үмбетіме сый ретінде тарту етті, бұл бұрынғы үмбеттерге берілмеген» деп, бұл сыйдың қадірін білуге шақырады. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім сауабын тек қана Аллаһтан күтіп, ықыласпен сол түнді ғибадат жасаумен өткізсе, күнәлары кешіріледі», — дейді. Сондықтан мүмкіндігінше, әрбір пенде Қадір түнінде берілетін сыйдан мақұрым қалмауға тырысуы керек. Ол түнді бос өткізбей, дәрет алып, екі бас болса да намаз оқып, Аллаһ Тағаланың шексіз мейірімінен шын жүректен сұрап, дұға еткен жөн.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Басқа уақыттарда әрбір жақсылықтың сауабы он есе болса, ережеп айында жүзден асады. Шағбанда үш жүзден асып, Рамазанда мың есеге артады, жұма түндері мың еседен асып, Қадір түнінде отыз мыңға дейін жетеді», — деген.

Тағы бір хадисте: «Рамазан айы бойынша ақшам және таң намазын жамағатпен оқыған адам Қадір түнінен көп несібе алады», — деген.

Қадыр түні Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) үмбетіне деген терең сүйіспеншілігінен туындаған дұғасының құрметі үшін қабыл болған. Имам Маликтің «Муатта» атты еңбегінде риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) алдыңғы үмбеттердің өмірлері көрсетілгендігі айтылған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) сол сәт: «Ұзақ өмір сүрген осы үмбеттер жасай алмайтындай амалдарды менің үмбетіме аз уақыт жасай алуды нәсіп ете гөр», деп дұға жасағанда, Аллаһ Тағаланың мың айдан қайырлы осы Қадір түнін нәсіп еткендігі баяндалған. (Қадір түні мың айға тең деп Құранда айтылған бұл сан есеп бойынша 83 жыл, 4 айға тең келеді).

Бірде Айша анамыз Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Уа, Аллаһтың елшісі! Егер Қадір түніне жетсем қандай дұға оқиын?», — деп сұрағанда, Ол: «Аллаһумма, иннәкә афуун, тұхиббул афуа, фаафу анни» (Уа Аллаһ! Сен тым кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!), деп дұға ету керектігін үйреткен.

Қияметте Аллаһ Тағала хикметімен емес құдіретімен амал етеді. Сол сияқты Қадір түнінде де Аллаһ Тағаланың құдіреті үстем болады. Ол түннің қадірін білгендерге Аллаһтың мейірімі мен берекесі жауады, ал одан құр қалмау адамның рухани сергектігіне байланысты.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) үйреткендей, мұсылман баласы әрбір ісіне өзіне берілген ең соңғы мүмкіндік секілді қарай білуі керек. Сол себепті Қадір түнін енді көрем бе, көрмеймін бе, дегендей өте бір мұқияттылықпен өткізгені жөн.

Құдыреті шексіз Раббымыз үмбетіне рақымдылық қалағандықтан, Қадір түні Рамазан айының қай түні екенін ашық айтпаған. Бұл сынақ әлемінде мүміндер ұдайы Аллаһтың разылығын іздеп, құлшылық жасасын деген мақсатпен Жаратқан иеміз бұдан да басқа өте маңызды нәрселерді құпия қылған. Мәселен, өмірдегі ажал белгісіз, адамдар арасындағы әулиелер белгісіз, көркем есімдерінің арасында Аллаһтың ұлық есімдері белгісіз, жұма күнгі дұғаның қабыл болатын уақыты белгісіз, күллі құлшылықтың ішінде Аллаһтың разылығы қайсысында екені, дәуірлердің ішінде қияметтің қашан екені, Рамазан айында Қадір түнінің қай түн екені белгісіз. Сонымен қатар Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бұл түннің Рамазанның соңғы он не жеті күніндегі (21, 23, 25, 27) тақ күндердің бірінде екенін айтқан. Алайда ислам ғұламаларының көпшілігі оның 27-інші түн екендігін мақұлдаған әрі бүкіл мұсылман әлемі бұны осылайша қабылдаған. Әрине бүкіл жұртшылық осылай сеніп, осылай қабыл еткен болса, Аллаһ Тағала да миллиондаған құлдарының ниетін қабыл етіп, ол түнді шын мәнісіндегі қадыр түні етер, иншаллаһ.

Арабшадағы «Қадр» сөзі қадірін білу деген мағынаны да қамтиды. Олай болса, қадірім артсын десеңіз, бұл түннің қадірін біліңіз. Бұл түні таң ағарып атқанға дейін Аллаһ Тағаланың мейірімі төгіліп тұрады.

Қадір түнін жиырма жетінші түннен іздеңдер

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қадір түнін Рамазанның сонғы он күнінен һәм ол он күннің тақ түндерінен іздеуге шақырғаны көпшілікке мәлім жәйт. Десек те, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жеткен хадистердің бірінде қадір түнінің Рамазан айының 27-жұлдызы екені айтылған. Мысалға, Мұғауия (р.а) жеткізген хадисте: «Қадір түнін жиырма жетінші түннен іздеңдер», – делінеді. Сонымен қатар, Үбай ибн Кағб (р.а) та Қадір түнінің осы түнде екеніне екпін қойған.

Кейінгі келген ғалымдар да Қадір түнінің 27-ші күнге дөп келетінін алға тартып, Құраннан жанама дәлелдер келтірген. Олар былай дейді: «Алла Тағала Қадір түнін баяндайтын «Қадыр» сүресін түсірген. Ол сүре 30 сөзден тұрады. Ол отыз сөз айдың отыз күні іспетті. Ал, ондағы қадір түніне сілтеме жасап тұрған «هِيَ» (ол) деген сез сүредегі 27-ші сөз. Бұл дағы Қадір түнінің 27-сі екенін көрсетеді.

Осы ғалымдардың екінші тобы да осы «Қадір» сүресіне сүйеніп, онда «ليلة القدر» (қадір түні) сөзінің үш рет қайталғанын, ал «ليلة القدر» сөзі болса тоғыз әріптен тұратынын алға тартқан. Осы себепті де тоғыз әріптен құрылған сөз үш рет қайталанғанда, жиырма жетіге теңеседі.

Осы дәлелдерге сүйене келе, Қадір түнінің бүгінгі кешке тура келеді деген ойдамыз. Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жер бетіне түсуі қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. «Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады».

Періштелер мұсылман үмбетін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Жамандық азаятын, құлшылық пен игі істер көбейетін түн.

Қадір түні жасалатын амалдар

  • Ер адамдар үшін парыз намаздар мен Тарауық намаздарын жамағатпен оқу;
  • Қаза намаздарын оқу;
  • Түнгі құлшылыққа көңіл бөлу;
  • Мешіттерде адамдар көп жиналғандықтан, кей ыңғайсыздықтар орын алуы мүмкін не болса да сабыр сақтау.
  • Өзгелерге зиян келтірмеу.
  • Көпшілікпен бірге өзіне және өзгелерге дұға жасау;

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) мына дұғаларды оқу өсиет етілген:

«اللهم إنك عفو تحب العفو فاعف عني» (Уа, Алла, расында Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, маған да кешірім ет!)[2] (Аллаһумма иннакә ъафуун тухиббул-ъафуа фаъфу ъанни),

«أعوذ برضاك من سخطك، وعفوك من عقوبتك» (Уа, Алла! Ашуыңнан разылығыңа, азабыңнан кешіріміңе сыйынамын) (Әъузу биридока мин сахатик, уа ъафуика мин ъуқубатик)[3].

Алла Тағала  баршамыздың амалдарымызды қабыл етсін. Қадір түнінде күнәларымыз кешіріліп, Рамазан айы ұстаған оразаларымыз қабыл болсын!

 Қадір түні оқылатын дұға

Хафиз Ибн Ражаб былай деді:

«Суфьян әс-Саури: «Қадір түні дұға ету мен үшін намаз оқудан да сүйіктірек», – дейтін.

Айша (р.а.) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) былай деп сұрағаны баяндалады: «Уа, Алланың елшісі, егер мен Қадір түнінің басталғаны туралы білсем, не айтуым керек?» Ол: «Уа, Алла, расында, Сен –Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!», – деп айт», – деді.

Қадір түні қандай адамдардың құлшылығы қабыл болмайды?

– Мың айдан да қайырлы бір түннің игілігі мен жақсылығынан құр қалатын пенделер бар, оларды құр қалдыратын іс-әрекеттер бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Қадір түнінің жақсылығына құлшылық қылған барлық адамдар бөленеді, бірақ, осы төрт түрлі адам Қадір түнінің жақсылығынан құр қалады» деп ескертеді. Олар кімдер?

Бірінші, ата-анасына қарсы келген, ата-анасының көз жасына қалған, ата-анасының ашуына ұшыраған адам.

Екінші, туған-туыстарымен байланысын үзген адам.

Үшінші, Алла тағаланың тиым салғанына қарамастан, арақ ішіп, маскүнем болған адам.

Төртінші, ызақор, кек сақтап, араз болып жүрген адам.

Сондықтан, халыққа айтарымыз, ата-анамызды ренжіткен болсақ, қазірден бастап, ризалығын алайық. Егер ол кісілер о дүниеге кеткен болса, ата-анамыз үшін дұға жасап, кешірім сұрайық. Егер, туған-туысқандарымен қарым-қатынасқа балта шапқандар болса, ұялы телефонмен болсын, кешірім сұрап, татуласайық. Алла тағаланың тиым салған арағына құмар адам болса, тәубеге келіп, Алладан кешірім сұрайық. Ызақор болсақ, ренжіткен адамдарымыздан бірінші болып кешірім сұрайық!

Қадір түнін құлшылықпен өткізу

1. Бұл түнде Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасалып, намаз көбірек оқылу керек.

2. Құран Кәрім оқылып, тыңдалып, түсінуге ынта қойылып, Құран Кәрімге сүйіспеншілік пен байланыстар орнатылуы тиіс.

3. Пайғамбарымызға ()салауат айтып, оның шапағат етуінен үміттену.

4. Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделікті күйбең  тіршілік барысында жүрекке түскен кірбіңді жуып-шайып, көңілге ұялаған кір мен күмәннан арылу.

5. Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсісін есептен өткізіп, қателік жасаудан сақтанып, қайырлы істерді жасауға құштар болу.

6. Алланы зікір етіп, Ұлы Жаратушының шексіз құдіретімен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларына ой жүгіртіп, Алланы еске алумен жүрекке тыныштық ұялатуға барынша әрекет жасап, иманды күшейту.

Құрметпен, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі.

 «Дұхан» сүресі, 4-аят

 «Қәдір» сүресі, 3-аят.

 «Қәдір» сүресі, 4-аят.

 Ибн Мәжаһ 1/289. Хадистің сенімділігін  хафиз әл-Мунзири растаған.

 Бұхари, Қадір, 1.

 Әт-Тирмизи, Ибн Мәжаһ, әл-Хаким. Имам Әбу `Иса әт-Тирмизи, әл-Хаким хадисті сахих деген. «Сахих әл-жәми’» 4423