Қазалы аудандық пробация қызметі мен аудандық жұмыспен қамту бөлімі пробация есебіндегі жұмыссыз төрт азаматты жұмысқа орналастырды. Бұл азаматтар «Жылу-ХХL» ЖШС мекемесінде тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл мекеме ауданда газбен жабдықтау жұмыстарын жүргізеді.
Жыл басынан бері 13 азаматты жұмысқа орналастырдық. Есепте тұрғандардың ішінде кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар да бар. Оның біреуі ағаш цехын ашса, екі азамат мал бордақылау кәсібін дөңгелетіп отыр. Жұмыспен қамту арқылы сотталғандардың қоғамға қайта оралуына барынша ықпал етіп отырмыз – деді Қазалы аудандық пробация қызметінің бастығы әділет подполковнигі Е.Сражатов.
Жеке кәсіпті қолға алған азаматтар «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір айлық «Кәсіпкерлік негіздері» курсын аяқтап, мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған. Аудандық пробация қызметінің бастығының айтуынша, бірінші кезекте, жұмыссыз сотталғандар жұмыспен қамтылады. Егер олардың білімі болмаса, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша курс оқиды.