Қызылордалық зияткерлер онлайн марафон жүргізуді қолға алды

«Ұлы жеңіске қол жеткізуге менің атам Зейнет Ибеевтың қосқан үлесі зор», – дейді Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-ші сынып оқушысы Марғұлан Мнажаддин.

Марғұлан Мнажаддин
Фото жеке архивтен

Шөбересі атасының сұрапыл соғыста жасаған ерлігі мен бейбіт күндердегі еңбектері туралы естеліктерін үнемі еске сақтап, ол туралы сыныптастарымен бөлісіп отырады: «Мен атамның ерлігіне мақтанамын және оның алдында бас иемін. Осындай бейбіт аспанда өмір сүру бақытын сыйлаған ардагерлерімізді ешқашан ұмытпауымыз керек».

Отты жылдардың ізі қалған отбасылық естеліктермен бөлісу арқылы жас зияткерлер батырларымыздың даңқты ерліктері мен шынайы патриоттығын жас ұрпаққа таныстырып, тәуелсіз елімізде тыныштық сыйлаған ардагерлерімізге шексіз алғыстарын білдірді.

Қызылорда облысында көзі тірі 16 Ұлы Отан соғысының ардагерлері қалды. Оның бірі — 97 жастағы Кәлеп Бектұрғанов. Жас зияткерлер Қызылордадан әскер қатарына шақыртылған сарбаздың өмірі мен оның майдан даласында жасаған ерліктері жайында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, омырауы орден-медальға толған батыр атаға шынайы алғыстарын жекізді.

«Ер есімі — ел есінде. Ардагерлердің ерен ерліктері, қажырлы еңбектері мен табандылықтары үшін бас иеміз. Мерекеге орай барлық Жеңіс батырларына мықты денсаулық, ұзақ құмыр мен бақ-береке тілеймін, — дейді 12-сынып оқушысы Тамара Розметова.

Тамара Розметова
Фото жеке архивтен

Жыл өткен сайын соғыс тарихы алыстап, ардагерлер қатары сиреп барады. Алайда олардың жасаған ерлігі бүгінгі ұрпақ санасында мәңгі сақталады.

Мерекелік марафон барысында Зияткерлік мектеп ұжымы құнды деректерге толы «Майданнан келген хат», «Ұлы Жеңіс батырлары» сияқты арнайы топтамалар мен патриоттық онлайн шаралары арқылы жас ұрпақ арасында ҰОС тарихы мен оның қаһармандары туралы насихаттамақ.