Басты бетҚоғамГүлшара Әбдіқалықова...

Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімдіктеріне бюджетті тиімді игеруді тапсырды

Өңір басшысы бірінші кезекте Төретам кентіндегі №22 35/10 кВ қосалқы электр станциясының жұмысымен танысты.

Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы станцияны кеңейту және жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усаин баяндады. Қосалқы станция 1966 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда қаржы бөлініп, жаңғырту жұмыстары басталды. Нысанды 2020 жылдың екінші тоқсанында толық пайдалануға береді деп жоспарланып отыр. Бағдарлама аясында 340 адам уақытша жұмыспен қамтылады. Облыс әкімі жауапты басқарма басшысына қосалқы станциясының жаңғырту жұмыстарын сапалы жүргізуді және уақытылы бітіруді тапсырды.

Электр станциясы, Төртем
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мұнан соң Гүлшара Әбдіқалықова Байқоңырдағы №277 мектеп-лицейіне және жаңадан салынған көпқабатты үйлерге барды. Бұл мектепте аймақ басшысы облыстық білім басқармасына Байқоңыр мен Қызылорда облысының оқушылары арасында демалыс уақытын тиімді өткізу әрі тарихи орындарды таныстыру мақсатында экскурсия ұйымдастыруды тапсырды.

Ары қарай облыс әкімі көпбейінді аурухананың жұмысымен танысты. Бас дәрігер Жандос Әділхан Байқоңыр кешенінде COVID-19 инфекциясын алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Байқоңырдың көпбейінді ауруханасына қарасты Төретам ауылдық ауруханасында карантин 30 және провизор 15 төсек орындық бөлімшелер және бір төсек орындық интенсив-реанимация палатасы ұйымдастырылды. «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық трассасынан Байқоңыр мен Ақай ауылдық округіне, Төретам кентіне кіре беріс жолдарында 2 блок-бекет ұйымдастырылып, онда жалпы саны 16 мейірбике 24/7 қағидатымен жұмыс істеп жатыр. Барлық карантин, провизор стационарындағы азаматтар бақылауда. Гүлшара Әбдіқалықова елімізде төтенше жағдай тоқтатылғанымен аймақта карантин режимі жалғасатынын айтып, сақтық шараларын әлі де қатаң сақтауды және медицина қызметкерлерінің жетпеуіне байланысты мәселені шешуді тапсырды.

Сонымен қатар Гүлшара Әбдіқалықова Байқоңырдағы Жеңіс саябағында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Мәңгілік алау» ескерткішінде гүлшоқтарын қойып, тағзым етті.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қармақшы ауданындағы құрылыс құмын және бетон бұйымдарын өңдіру цехының жұмысымен танысып, сапалы өнім шығаруды тапсырды.

Қызылорда облысы
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мұнан кейін өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қармақшы ауданындағы газ реттегіш пункті мен кварталішілік газ тарту жұмыстарының барысымен танысты. 2020 жылы жобаның құрылысын аяқтауға республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.

Жоба бойынша 2019 жылы жоғары және орта қысымды 87,5 шақырым газ құбыры салынып, үш дана газ реттегіш пункті орнатылды. Қазіргі таңда, қалған 72,5 шақырым газ құбырларын жүргізу жұмыстары басталды. Нысанның аяқталу мерзімі 2020 жылдың қазан айына жоспарланып отыр. Жоба аяқталғаннан кейін 20 мың тұрғын үй табиғи газдың игілігін көрмек. Өңір басшысы бөлінген қаражатты мақсатты жұмсап, газдандыру жұмыстарын сапалы бітіруді тапсырды.

Одан кейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қармақшы ауданының әлеуметтік экономикалық даму мәселелері бойынша мәжіліс өтті.

Былтырғы қорытындымен облыста шағын және орта бизнеспен 418 миллиард теңгенің өнімі өндірілген болса, оның ішінде Қармақшы ауданының үлесі — шамамен 2,2% ғана. Шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және мемлекеттік бағдарламаларды халық игілігіне пайдалану өте маңызды. «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген қаржыны тиімді пайдалану қажет. Қазіргі уақытта бұл мемлекеттік бағдарлама аясында ауданға 3 миллиард тенгеден астам қаржы бөлініп, абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу бағытында барлығы 40 жобамен жұмыс істеліп жатыр. Сонымен қатар 800-ге жуық тұрғын жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Басталған жұмыстарды уақытылы және сапалы аяқтаңыздар, – деп тапсырды облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Өңір басшысы Жаңажол, ІІІ Интернационал ауылдық округтерінде болды. Елді мекендердегі көктемгі егіс науқанының жұмысымен танысып, аудан әкіміне бірқатар тапсырма берді.

Қармақшы ауданында биыл 22 920 гектарға егін егу межеленген. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуде аудандық әкімдік тарапынан қолдау көрсетілу керек және міндетті түрде санитарлық талаптардың сақталуын қадағалаңыздар, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.