— Лаян, сені ерте жастан өнерге кім баулыды?
— Анам мені кішкентайымнан түрлі үйірмеге қатыстырды. Не нәрсеге қызықсам, соны алып беруге тырысты. Алғаш 5 жасымда балаларға арналған музыка мектебінің қобыз класына бардым. Бірақ қобыздан басқа да аспаптарға қызығатынмын. Бір қызығы, сол аспаптардың бәрінде ойнай алғым келетін. Қуанышыма орай, анам ешқашан бетімнен қаққан емес. Бір жылдан соң сол мектептегі фортепиано және скрипка класына да жазылып, үйрене бастадым. 2019 жылдан бері Protalent шығармашыл орталығының домбыра үйірмесіне барып жүрмін. Қазір жалпы төрт аспапты білемін. Аспаптың құрылысымен танысу, одан түрлі әуезді әуен шығару маған қызық. Әрине, оның бәрін меңгеру оңай болған жоқ. Әсіресе, қобыз бен скрипканы үйрену қиын болды. Қазір Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы мектепте скрипка аспабын тереңдетіп оқып жатырмын. Биыл 1-класты бітірдім.
Жаңа нәрсені білгім келеді, үйренгім келеді. Ешқашан жалқауланған емеспін. Аспаптарды үйренуге қоса вокалға, гимнастикаға, балетке, juzz funk және hip-hop хореографиясына барамын. Бұл өнер түрлерін үйреніп қана қоймай, өзіме сол жерден көп дос таптым.
Кейде әнші де болғым келеді. Назиманың әндерін орындағанды ұнатамын. Негізі көбіне эстрада әндерін сүйіп тыңдаймын. Димаш Құдайберген, Егор Крид, Роза Рымбаева, Назима және Валерий Меладзенің шығармашылығы ұнайды.
— Анаңның айтуынша, сен бала кезіңнен модель болып жұмыс істейді екенсің. «Модель» дегенді қалай түсінесің?
— Модель ол – көпшілік алдында белгілі бір бұйымды көрсетіп, сахнада әдемі жүре білетін бойы ұзын әрі сымбатты адам. Модель ретіндегі жұмысым өзіме ұнайды. Себебі үнемі құлпырып жүресің. Бүгінде ZEKEN moda брэндінің ресми түрде моделімін. Модель болудың ең керемет жері — шетелде саяхаттайсың. Осы жұмысым арқылы Францияға, Нидерландыға, Түркияға, Ресейге және Италияға бардым. Онда түрлі сән апталығына қатыстым.
— Ал кітап оқисың ба?
— Иә, оқимын. Менің ең сүйікті кітабым – «Самые знаменитые сказки» және «Вредные советы». Сонымен қатар «Сказочный патруль» және «Детектив Миретта» мультфильмдерін көремін.
— Үйірмелерден қолың босамайтын сияқты. Достарыңмен қаншалықты жиі жолығып тұрасың? Балаша ойнауға уақытың бар ма?
— Әрине, бар. Көбі: «Бәріне қатысып жүруден шаршамайсың ба?»- деп сұрайды. Жоқ, керісінше уақытымның тиімді өтетініне қуанамын. Анам әр күнімнің жоспарын жазып, реттеп қойған. Әр нәрсені өз уақытында істегендіктен достарыммен ойнауға да үлгіремін. Мысалы, біз достарымызбен бірге ойнағанды, саябақта серуендегенді, көкке шыққанды, киноға немесе музейге барғанды жақсы көреміз. Әр демалыс сайын бірге таңғы ас ішеміз. Сонымен бірге дженганы жиі ойнаймыз.
Менің сүйікті ойыншығымның аты – Мишуня. Оны Парижден алғанбыз. Сонымен бірге ЛОЛ қуыршағымды жақсы көремін. Ұсақ ойыншықтарды жинағанды ұнатамын.
— Қай мерекені асыға күтесің?
— Мерекелердің ішінен туған күнімді және Жаңа жылды асыға күтемін. Себебі бұл күндері ата-анам, туыстарым, достарым және Аяз ата маған сыйлық береді.
— Сенің кумирің кім?
— Менің кумирім ол — анам. Оның есімі — Жанна. Мамам — өте мейірімді адам, бірақ керек кезде маған ұрысып та алады. Ол тамақты өте дәмді әзірлейді. Оның әзірлеген хачапуриін сүйсініп жеймін. Анам өте пысық. Өз жұмыстарымен жүгіріп жүріп, қосымша менің фотосессияларымды, іс-шараларымды ұйымдастырып жүреді. Шаруасы көп болса да, бәріне үлгереді. Менің анам сұлу, мен оны жақсы көремін.
Анама әрдайым көмектесуге тырысамын. Мысалы, қамыр жаямын, ірімшік тураймын.
Болашақта анам сияқты дәмді ас әзірлей алсам деймін. Сонымен қатар сурет салуды үйренгім келеді. Суреттің ішінен портрет жанрына ерекше қызығамын.