Барлық жердегідей Ақтауда да карантин. Сыртқа тек сағат 21.00-ге дейін шығуға рұқсат. Құрбыларыммен далаға шықтық. Әңгіме айтып жүріп сағат 22.00 болғанын байқамай қалыппыз.
Полицей әдеппен келіп, карантин талабын айтып, ескерту жасады. Қатты ыңғайсызданып қалдық. Бірден үйге қайтуға такси іздедік. Көшеде көлік жоқ. Такси шақырайық десек, болмады. Төрт қыз абдырап тұрғанымызда бір такси келіп тоқтады.
«Бір жігітті үйіне апара жатыр едім. Ол сендерді көрді де, үйге қайта алмай тұрғандарыңды түсінді. Мені осында жіберіп, өзі үйге жаяу кетті», — деді ол.
Сол күні үшеуіміздің басымыздан біраз ыңғайсыз оқиға өтті, бірақ бейтаныс адамның жақсы ісінің қасында олар түк те етпейді. Іштей риза болып, үйімізге аман-есен жеттік. Әлгі кісі үйіне қалай жетті екен деп алаңдап қоямыз.
Қазір қай-қайсымызға да оңай кезең емес. Төтенше жағдайға байланысты жан баға алмай отырғандар бар. Қазақстанның енді бір жерінде апат болып жатыр. Осындай қиын кезде қайырымды болып, бір-бірімізге көмектескеніміз қандай жақсы? Түнде өзі шақырған таксиге отырмай, бізді мінгізіп жіберген сол бір адамға алғыс айтамын. Жақсы адамдар аман болса екен.
Тағы оқыңыз: «Менен бетер қиналды». Журналист қайырымды адам туралы айтты