Роза Қараева
Роза Қараева. Фото: Alashainasy.kz

Өмiрде жақсы адамдар бар екен. Жаным қысылып тұрғанда біреуі жолыға кеттi. Бәрi — төлқұжаттың әлегi.

Жақында Алматыдан жолға шығатын болдым. Вокзалға келіп, сөмкемді қарасам, құжатым жоқ, онсыз пойызға кiргiзбейдi. Өзіммен алып шыққан сияқты едім. «Үйде қалып кеттi ме?» деп, такси ұстадым.

Көлiктегi жiгiт құжатымды қалдырып кеткенімді естіп, менен бетер қиналды. Қанат бiтiп кеткендей, үйге қарай ұшты. Бірақ құжатты үйден де таппадым, жарай ма, жарамай ма, көк паспортты iле шықтым. Пойыздан қалдым-ау деп, вокзалға келсем, адам сенбес жағдай — тальго тырп етпей орнында тұр.

Пойыздың әлі жүрмегенін тiлеуiмдi менен бетер тiлеген ақжүрек жанның шарапаты деп түсіндім. Ентелеп келiп орныма жайғасып, ентiгiм басылған соң барып ойладым. Ол менен ақша алмады.

Қоя берiңiзшi, ақша қолдың кiрi ғой. Тек үлгерсеңiз болды. Үлгермесеңiз, Алматы-1-ге тоқтай ма екен, білейік, — дедi.

Пойыз жүрiп кеткен болса, мені Алматы-1-ге апармақ. Сол жiгiтке алғыс айтқан-айтпағаным, қоштасқан-қоштаспағаным есiмде жоқ. Есімін де сұрамаппын, қандай көлікке отырғанымды да білмеймін. Асығып, көзіме түскеніне барып мінгенмін. Маған істеген жақсылығы Құдайдан қайтсын деп тiлеймiн. Ол осы жазбаны оқыса, өзiн танитын да шығар. Қалай болғанда да, Сен аман бол, жақсы адам! Сен жасай бер, жақсылық! Ал менi кешiр. Сенi тағы да байқамадым, тағы да жоғалттым. Менi тағы да пенделiк жеңдi. Тағы да күйбең тiрлiктiң еркiне бағындым.

Тағы оқыңыз: «Алғысымды айтамын». Назерке Сұлтанбек бір бейтаныс адам туралы