Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияға жаңа төраға келді

Ақорда сайтының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президентінің «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия туралы» 2006 жылғы 1 ақпандағы № 56 жарлығына мынадай өзгеріс енгізді:

Рамазанова Лаззат Керімқұлқызы — Қазақстан Республикасы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының мүшесі (келісім бойынша), төраға.

Жарлықтан «Рамазанова Лаззат Керімқұлқызы — Қазақстан Республикасы «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасы басқарма төрағасының орынбасары (келісім бойынша)» деген жол алып тасталып, комиссияның құрамынан Гүлшара Әбдіқалықова шығарылды.

Ләззат Рамазанова 1973 жылы қазіргі Түркістан облысында туған. Қазақ мемлекеттік әлем тілдері университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Қаржы және халықаралық қатынастар саласында еңбек еткен. 2007-2019 жылдары Қаржы министрлігі Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы бастығының орынбасары, Қаржы министрлігінің қорғаныс, құқық қорғау жүйесі және мемлекеттік органдар саласындағы бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау, атқарылуын талдау және іске асырылуын бағалау департаментінің директоры, «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасы төрағасының орынбасары болып қызмет етті. EcoJer өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы кеңесінің төрағасы.

Еске салайық, бұрын Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиян басқарған Гүлшара Әбдіқалықова наурыз айында Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалған еді.