Басты бетЖаңалықтарМақтаарал ауданында...

Мақтаарал ауданында зардап шеккендердің шығыны қалай өтеледі?

Әкімнің мәліметінше, бүгінге дейін 14 елді мекеннен 31 606 тұрғын эвакуацияланды. Бес елді мекен — Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары түгел су астында қалды. Бұл ауылдарда барлығы 6 127 адам тұрады.

Қазір тасқын жеті елді мекенге қауіп төндіріп тұр. Өңірге аудандардан, көрші облыстардан, тіпті Алматыдан да мамандар, күш-құрал мен техника жеткізілген.

Атакент, Мақтаарал кенттерінде, Жамбыл ауылдық округі мектептерінің базасында 14  эвакуация пункті ұйымдастырылды. Бұл жерлерде 3 200 тұрғын отыр.

Алдын ала есеп бойынша төтенше жағдай салдарынан 845 тұрғын үй, үш мектеп, бес балабақша, төрт медицина мекемесі, бір мәдениет үйі мен 10 дүкен су астында қалған.

Сонымен қатар Жеңіс ауылындағы көпір мен республикалық және облыстық маңызы бар 54,7 шақырым автожолды су шайды.

7 639 гектар егіс алқабы зардап шеккен. Қырылған мал саны нақтыланып жатыр.

Тұрғындардың су ортасындағы мал-мүлкін полицейлер күзетіп отыр.

Нұрлыжол, Өргебас, Ырысты, Жантақсай елді мекендерінде тасқынға қарсы бөгет салынды, Фирдоуси елді мекенінің маңында коллектор орналастырылды. Өзбекстан тарапы Мақтаарал ауданында су шығаратын канал қазды.

Жалпы, біз өзбек мамандарымен тығыз әрекеттесіп отырмыз. Өзбекстанда жағдай тұрақталды. Сондықтан олар өз техникасымен келіп, біздің коллекторларды тазартып беруге әзір, — деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыс басшысының айтуынша, ауылдардағы су кеткен соң Арыстағы төтенше жағдай тәжірибесі бойынша әр үйге келген шығын есептеледі. Одан соң комиссия үйлерді қалай қалпына келтіретінін шешеді. Зардап шеккен әр отбасыға өтемақы төлеу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Өмірзақ Шөкеев егіс алқаптары суға кеткен шаруалардың шығынын өтеу қажет екенін айтты.

Біз эвакуацияланған тұрғындарға бәрін түсіндіріп жатырмыз. Халық жағдайды түсініп, сабыр байқатып отыр. Өзбекстанда да жағдай қиын. Онда 10 елді мекен су астында қалған, 70 мың адам эвакуацияланған. Біз осы қиын жағдайдан ортақ күш-жігерімізбен шығу жөнінде келісімге келдік, — деді Түркістан облысының әкімі.

1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба суқоймасы бөгеттерінің бірі су шайып кетті. Мамандар суқоймадағы су деңгейін төмендету үшін суды ағызған кезде Қазақстанмен шекарадағы коллекторлар толып кеткен. Коллекторларға аққан су көлемі — секундына 180 текше метр, ал олар секундына 120 текше метр суды ғана өткізе алады. Соның салдарынан Мақтаарал ауданында бірнеше ауылды су басты. Өңірде төтенше жағдай жарияланды.