Түркістан облыстық әкімдігінің мәліметінше, 2 мамырда сағат 04.30 кезінде Мақтаарал ауданының шекарасындағы өткізу қуаты секундына 120 текше метр болатын Орталық бетпақдала коллекторынан су тасып, Жеңіс, Жаңатұрмыс ауылдары мен облыстық маңызы бар Мырзакент — Жеңіс — Жаңатұрмыс автожолын су басты.
Қазір суқойманың суы тоқтады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жағдай қалыпты екенін мәлімдеді. Бір түнде төрт елді мекеннен — Жеңіс, Жаңатұрмыс, Сардоба, Нұрлыжол ауылдарынан 5 400 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Тұрғындарға былтырғы Арыс оқиғасының тәжірибесі бойынша бар қажет көмек беріліп жатыр. Ең бастысы — тұрғындар аман. Су деңгейі басылмайтын болса, Нұрлыжол, Фирдоуси, Жантақсай, Жайлыбай елді мекендері эвакуациялануы мүмкін. Әкім азаматтарға дүрлігуге еш негіз жоқ екенін айтты, жағдайды қалпына келтіруге облыстың мүмкіндігі жетеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне апат салдарынан зардап шеккен тұрғындарға көмек беруді тапсырды. Қазір оқиға орнында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер бастаған республикалық шұғыл штаб жұмыс істеп жатыр. Апаттан құтқару жұмысына облыстың төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 138 адам, 8 техника, Шымкент «Жедел құтқару жасағы» мекемесінен бес маман мен екі қайық, 1 техника, Шымкент төтенше жағдайлар департаментінен екі автобус, жеке құрамнан 12 маман, төрт МП-100 мотопомпасы, екі үрленбелі қайық, 10 Л-1 жиынтығы (сүңгуірлер киімі), Ұлттық гвардияның №6506 бөлімшесінен 300 адам, 300 орындық 6 автобус, 120 орындық төрт «КамАЗ», аудандық полиция бөлімінің жеті техникасы мен 70 қызметкері, жергілікті атқарушы органнан 40 қызметкер мен 5 техника тартылды.
1 мамырда сағат 05.10 шамасында жауын-шашын мен күшті жел салдарынан Өзбекстан аумағындағы Сардоба суқоймасының бөгеті жарылған. Суқойма тасып, Қазақстанмен шекарадағы Сардоба ауданының Кургантепа елді мекенін басып қалды. 70 мыңға жуық адам көшіріліп, 56 адам ауруханаға түскен. Қазақстанның Мақтаарал ауданындағы шекара маңы коллекторлары суға толды. Мақтарал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Өзбекстаннан хабар тарай бастағаннан-ақ шекара маңындағы тұрғындарға тасқыннан сақтану керек екені ескертілді.