Кәсіпкерлер Алматы облысының медицина мамандарына қорғаныш амунициясын берді

Бүгін Universal Energy (Qazaqstan) компаниясы мен қазақстандық кәсіпкерлер Асқар Алшынбаев, Евгений Фельд, Нұржан Бекшенов, Есенғали Бәйменов және Райымбек Баталов COVID-19 инфекциясымен күрестің алдыңғы сапында жүрген Алматы облысының медицина және басқа да ұйымдарына гуманитарлық көмек жүктерін жеткізіп берді.

Жалпы құны 100 миллион теңгеден астам сома тұратын көп рет пайдаланатын Dupont костюмдері, инфрақызыл термометрлер, маскалар, респираторлар, қорғаныс көзілдіріктері Қытай Халық Республикасынан сатып алынып, Қазақстанға арнайы рейспен әкелінген.

Бұл қорғаныс құралдары індетпен күрес шараларына тартылған медициналық және басқа да ұйымдарға бөліп беру үшін облыс әкімдігіне тапсырылды. Барлық медициналық бұйымдар мен амуниция қытайлық және еуропалық кәсіпорындарда өндірілген, еуропалық сапа сертификаттарына ие.

Бұл көмекті әкімдіктің атынан облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев қабылдап алды. Ол бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін берік ұстанып, осындай қиын-қыстау кезеңде өңірге қолдау білдірген кәсіпкерлерге ризашылығын жеткізді. Қандай қиындықты да бірліктің арқасында жеңіп шығатынымызға сенім білдірді.