Төтенше жағдай кезінде мерзімі өткен құжатты пайдалануға болады

Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, қазір елімізде 99,5 мың азаматтың жеке куәлігінің мерзімі біткен. Олар төтенше жағдай режиміне байланысты құжатын жаңарта алмай отыр.

Қазіргі заңнама бойынша жеке куәлігінің мерзімі аяқталған азаматтарға 7 АЕК және көлік жүргізу құжатының мерзімі аяқталған азаматтарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Шавқат Өтемісов Үкімет мүшелеріне төтенше жағдай режимі кезінде азаматтарды мұндай жауапқа тартудан босату мәселесін көтерді.

Төтенше жағдай режимі кезінде көптеген азаматтың жеке куәлігі және көлік жүргізу куәлігінің мерзімі аяқталып, қиын жағдайда қалды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде 99,5 мың адамның жеке куәлігі, 68 мың адамның көлік жүргізу куәлігі жарамсыз. Азаматтарымыз ала алмай отырған басқа құжаттар да бар. Олар карантин кезінде халыққа қызмет көрсету орталығы жабылғандықтан құжатын жаңарта алмай отыр. Жарамсыз жеке куәлігі үшін 7 АЕК және құжатсыз көлік жүргізгені үшін 20 АЕК айыппұл төлеу туралы қолданыстағы әкімшілік жауапкершілікті ешкім тоқтатпады. Бұл заң жобасын қараған кезде депутаттар түрлі сұрақ қойды. Біздің ойымызша, төтенше жағдай режимі кезінде мерзімі аяқталған құжаттар жарамды болып есептелуі керек. Осыған байланысты бұл мәселенің қалай шешілетінін айтып берсеңіздер. Бұл заңнама төтенше жағдай режимі ұзартылған кезде керек болады, — деді Мәжіліс депутаты.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мұндай жағдайда азаматтарға мерзімі өткен құжатты қолдануға құқық берілуі керек екенін айтты.

Төтенше жағдай кезінде құжатының мерзімі аяқталған азаматқа ескі құжатын қолдануға құқық беру керек деп есептеймін. Қазір бұл мәселе былай шешілгелі отыр — ІІМ өзінің құзыреті аясында Президент Әкімшілігімен келісе отырып, қаулы жобасын әзірлеп жатыр. Осылайша төтенше жағдай кезінде азаматтар мерзімі аяқталған құжатын пайдалана алады, — деді Руслан Дәленов.

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, бұл мәселе ведомство төтенше жағдай туралы заң жобасын қарастырған кезде туындады. Содан кейін министр көлік жүргізуге және қару сақтауға құқық беретін құжатының мерзімі өткен азаматтарды әкімшілік жауаптан босату туралы өкім шығарған. Ал мерзімі өткен жеке куәлікке қатысты норманы Президенттің қарауына жіберген. Вице-министр 99,5 адамның жеке басын куәландыратын құжаты төтенше жағдай режимі кезінде жарамсыз болып отырғанын нақтылады және мамыр айында мұндай азаматтардың саны тағы 60 мыңға көбейетінін айтты.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстан азаматтарына төтенше жағдай кезінде мерзімі біткен жеке куәлік пен жүргізуші куәлігін пайдалануға рұқсат беру туралы норма төтенше жағдай мәселелері жөніндегі заң жобасына енгізілуі керек екенін айтты. Парламент палатасының жалпы отырысында төтенше жағдай режимі туралы қолданыстағы заңнамаға заң шығарудың қаржы, кеден, салық, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау сияқты барлығы 14 саласы бойынша түзету енгізген заң жобасы мақұлданды.