Қарлығаш Смайыл:
Отбасыммен бірге Қытайдың Гуанчжоу қаласында тұрып жатқаныма 10 жыл болды. Қаңтарда төтенше жағдайға байланысты елдің барлық қала, аудан мен ауылында қатаң карантин режимі енгізілді. Ол кезде тек супермаркеттер ашық болды.
Қазір Қытайда жағдай жақсарды. Коронавирусты жұқтырғандар саны азайды. Уханьда 2 аптада бір де бір адам коронавирус инфекциясын жұқтырмады. Мұның өзі — Қытайдың вирусты жеңгенінің дәлелі. Көп танысым «Сонда Қытайда карантин бітті ме?» деп сұрайды. Жоқ, елде карантин режимі әлі де бар, бірақ кейбір шектеу алынды. Наурыздан бастап Гуанчжоуда біраз жұмыс орны, банк, сауда орталығы ашылды. 27 сәуірден бастап жоғары класс оқушылары мектепке барып жүр. 11 мамырдан бастап қалған оқушылар да мектепке барады. Қазір бір үстелде бір адам отыратын кішкентай асханалар ғана ашылмаса, үлкен ойын-сауық орталықтары, мейрамханалар жабық. Себебі Қытай халқы көбіне бір табақтан таяқшамен тамақ ішеді.
Карантин режимі босаңсығанымен адамдар медицина маскасын тастаған жоқ. Барлық ғимаратта санитариялық тазартқыш бар. Кез келген ғимараттың кіреберісінде қызуымызды, медицина картамызды тексереді. Медицина картасында адамның Хубэй провинциясына, шетелге барған-бармағаны жазылып тұрады. Гуанчжоуда тұрғын үй кешеніне кіріп-шығуға шектеу бар. Әркім өзі тұратын үйге ғана кіре алады. Адамдар бір-біріне қонаққа бара алмайды.
Инфекция қайта өршімеуі үшін 27 наурыздан бастап шетел азаматтарының Қытай аумағына кіруіне тыйым салынды. Шетелден келген Қытай азаматтары 2 аптаға оқшауланады.
Әлімжан Көшкінбай:
Қытай халқының өмірі бұрынғы қалпына келді. Вирусты жаңадан жұқтырған адам аз. Болса да, көбі — шетелден келген Қытай азаматтары. Оларды әуежайда тексеріп, вирус белгісі байқалған жағдайда бірден карантинге оқшаулап жатыр.
Өзім Шанхайда тұрамын. Бұл жерде карантин қатаң болды деп айта алмаймын. Сауда орталығына, жұмысқа барып тұрдым. Әрине, рұқсат қағазым болған соң емін-еркін жүрдім. Қазір қалада көп шектеу жоқ. Кеңселер, дүкендер ашылды. Карантин кезінде сауда орындары сағат 20.00-ге дейін істесе, қазір бұрынғыдай 22.00-ге дейін ашық. Күнде жұмысқа барамын. Сонымен қатар магистратурада оқимын. Әзірше сабақ басталмады, онлайн оқып жатырмыз.
Қазір қала тұрғындарында қорқыныш жоқ сияқты. Әркім өз шаруасына кірісіп кеткен, тіпті вирус туралы жаңалық тыңдауға да уақыт жоқ. Өз басым кейде сыртта маскасыз жүре беремін. Таза ауада солай жүргім келеді, бірақ метрода міндетті түрде тағамын. Кейде метроға маскасыз кіргізбейді.
Нұршуақ Мейірбек:
Қытайдың әр өңірінде жағдай әртүрлі. Сондықтан сіздерге менің отбасым тұратын аумақтағы хал-ахуалды айтайын. Отбасым Шыңжаң Ұйғыр автономия ауданының Алтай аймағындағы Көктоғай ауылында тұрады.
Өзім Қазақстандамын, бірақ олармен күнде хабарласып, хал-жағдайын сұрап тұрамын. Желтоқсанның соңында Қытайда коронавирус жаппай тарай бастайды. Бір айдан соң барлық жерде карантин енгізілді. Ата-анам, сіңлім, туыстарым үйден шықпады. Жұмысқа да, сабаққа да, тіпті азық-түлік алуға да бармайтын. Бір ауылда бір дүкен ашық болды. Билік өкілдері дүкеннен қажет заттарды, азық-түлікті аптасына екі рет өздері әкеліп беретін. Әрине, ақшасын ата-анам төлейтін. Сол кезде ата-анам уайымға салынды, себебі жұмысы тоқтап, табысынан айырылды. Ал азық-түлікке қаражат керек. Абырой болғанда, қазір жағдай әлдеқайда жақсарды. Ауыл тұрғындары жұмысына кіріскен. Туыстарым бір-біріне қонаққа барып жүр. Біздің ауылда көп адам жиналатын үлкен ғимараттар болмаған соң атап айтарлықтай қауіп жоқ деп ойлаймын. Наурызда орта мектептердің сабағы басталды.
Менің сіңлім Үрімжінің маңында орналасқан Чанцзы деген қаладағы университетте оқиды. 23 сәуірден бастап ол да дәрісіне барып жүр, бірақ оқу орнында сақтық шаралары қатаң қадағаланады. Мысалы, университет асханасында студенттер қоршалған үстелде бөлек отырып, тамақ ішеді екен.