Қызылорда облысының әкімі өңір тұрғындарына үндеу жолдады.
Сыр өңірінде 95 мың азамат шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді. Бұл – экономикалық белсенді халықтың үштен бір бөлігі. Қазір — оларда қиын кезең. Коронавирус шеберхана, базар, цех және салондардың жұмысын тоқтатты. Сондықтан кәсіпкерлердің көбін салық және несие қарызын өтеу мәселесі алаңдатады, — деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Аймақ басшысы осыған байланысты 1 сәуірден 1 қазанға дейін көптеген шағын және орта бизнес субъектілері салық және басқа да төлемдерден босатылғанын атап өтті. Мұндай жеңілдікке сауда-саттықтың кей түрі, көлік қызметі, туризм, ТҚС және тағы басқа кәсіп иелері иек арта алады. Қазір салық төлеу 3 ай мерзімге тоқтатылды. Кейін төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия карантин жағдайына байланысты нысандар тізімін жасақтайды.
Гүлшара Әбдіқалықованың мәлімдеуінше, қазіргі уақытқа дейін Қармақшыдағы жиһаз цехы (Елубаев ЖК), Шиелідегі техникалық қызмет көрсету станциясы (Игілік ЖК) сияқты 1600-ден астам шағын және орта бизнес құрылымы несие төлеу мерзімін кейінге шегеру туралы өтінім берген. 1400 өтінімге банктер тарапынан келісім берілді. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасады.
Аймақта карантин режиміне қарамастан өндірісті тоқтатпай келе жатқан кәсіпорындар бар. Бірқатары бизнесін қайта бейіндеді. Бұған дейін көйлек немесе арнайы киім тіксе, ал қазір бетперде және қорғаныш костюмін де шығарады. Осындай Dalatex, «Ас-Ка» және «ПромКоммерцКА» сияқты 33 фабрика халыққа ең қажет заттардың тапшылығын жойды. Бизнес те мемлекетке қолдау көрсетіп келеді. Біз бүгін ертеңгі күнге қарап отырмыз. Ал ертең экономиканы қайта қалпына келтіру міндеті тұр. Таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы осы мәселеге арналды. Қызылорда облысының әкімдігі де дағдарыстан кейінгі жоспарын дайындады. Ал бұл – оқшаулау шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету жөніндегі жоспар. Сол арқылы көп ұзамай үйреншікті өмірге қайта ораламыз, — деді Гүлшара Әбдіқалықова.