Гүлшара Әбдіқалықова: Агроөндірісті тоқтатпау қажет

Өңірде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қалыптасса да, көктемгі дала жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқан шаруа қожалық иелері мен диқандар бар. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова оларды көпке үлгі етіп, жұмысты тоқтатпауға үндеді.

Күзде қамба астыққа тола ма? Бұл сұрақ баршамызды толғандырады. Ол түсінікті де. Қалыптасқан санитарлық-эпидемиологиялық жағдай көктемгі дала жұмыстарына әсер етуі мүмкін. Бірақ Сыр халқына алаңдауға еш негіз жоқ. Қазір дала төсі дүбірге бөленді. Диқандар қызу еңбекке әлдеқашан кірісіп кеткен. Қарқындары күшті. Ерте көктемнен соқа-сайманын сайлаған жалағаштық механизаторлар Көшер Құлбасшаев пен Садық Жамаладин жер жыртып, дәнді дақыл сеуіп үлгерді. Енді бірер күнде, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының еңбеккерлері күрішке кіріседі, — деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Қызылорда облысында жазғы бидай, арпа, мақсары және жоңышқа тұқымы себілді. Егер осы көктемде 183 мың гектар алқапқа егін егу қажет болса, соның 30 мыңына дақыл орналастырылды. Бұл ретте Жаңақорған, Шиелі аудандары алда келеді. Облыста күріш егу де басталды. Басты брэнд өнім – Сыр маржанына егіс алқабының жартысы тиесілі.

​Көктемгі дала жұмыстарының уақытылы басталып, сапалы жүргізілуіне тиісті шара қабылданды. Облыс дикандары минерал тыңайтқыш және тұқыммен қамтамасыз етілген. 14 мың тонна арзандатылған дизель отыны жеткізілді. Бағасы – литріне 162 теңге. Демек, Қызылорда облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы кестеге сай орындалып жатқанын нық сеніммен айтуға болады, — дейді облыс басшысы.

​Диқандар алаңдайтын тағы бір маңызды мәселе – көлік-трактор паркінің жаңартылуы. Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, кейінгі жылдары өңірге 26 миллиард теңгеге 1070 ауыл шаруашылығы техникасы алынды.

Бұл — егіс алқабында жүрген әрбір төртінші комбайн, трактор немесе тұқым сепкіш жаңа деген сөз. Қожалықтардың көлік паркінде John Deere, Claas, «Ростсельмаш» және тағы басқа танымал маркалы техника бар. Енді тек еңбектену керек. Қауіпті індетпен кешенді күрестің қашан аяқталатынын күтпей, агроөндірісті тоқтатпау қажет. Түптеп келгенде, төккен тер, еткен еңбегіміз еш кетпеуге тиіс, — деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Өңір басшысының айтуынша, шаруалар сақтық шараларына аса мән береді. Жеке қорғаныш құралдарын пайдаланып қана қызу тірлікке араласады. Олардың осы індеттен ада болуын дәрігерлер бақылайды.

​Ортақ күш-жігер арқасында мол өнім жинайтынымызға сенімдімін. Егінші қауым осы іске бар білім-білік, қажыр-қайратын жұмсайды. Ал жергілікті билік органдары оларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Күзде қырманды астыққа толтыру межелі міндет! Біз біргеміз! — деп мәлімдеді Гүлшара Әбдіқалықова.