Айсара Жүсіпбекова табыссыз қалған азаматтарға жәрдемақы төленетінін алғаш естігенде оны алатынына күмәнданған. Бірақ өтініш жолдап, көмек алғандардың тізіміне бірден енген.
Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдауға қатты қуандым. Алғашында қалай болар екен деп күмәнданғаным да рас еді. Өзім де, жолдасым да жұмыссыз отырмыз. Кезінде жұмыс істегенмін, біраз уақыттан бері денсаулығыма байланысты үй шаруашылығымен ғана айналысып отырмын. Жолдасым көлік жүргізуші болып табыс тауып келетін. Мынадай жағдайда үйде отырған жандарға бұл үлкен көмек болды. Мұндай көмек көрсетілмесе, қайтар едік? Өзімнің атымнан, отбасымның атынан шын жүректен алғысымды білдіремін, — деді Айсара Жүсіпбекова.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, 42 500 теңге көлеміндегі төлем төтенше жағдай аяқталғанша ай сайын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Ол ресми және бейресми жұмыс істеп жүріп, төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға беріледі.
Басқа санаттағы азаматтарға зейнетақы, жәрдемақы уақытында төленіп жатыр. Кәсіпкерлерге салық, несие және коммунал төлемдер жағынан жеңілдік жасалады. Ал әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтар мен соларға қарап отырған ата-аналарға, жұмыссыз жүрген азаматтарға Bizbirgemiz қорынан азық-түлік топтамасы мен ақшалай көмек беріліп жатыр. Жұмыссыз қалған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының төлемімен бірге жұмысынан айырылғанына байланысты көмек те беріледі.
Егер азамат бірыңғай жиынтық төлемді төлегенімен төлем шартына сай келмеуіне байланысты 42 500 теңге көлеміндегі көмекті ала алмаса, төлеген қаражаты қайтарылмайды. Бұл қаражат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түседі.