Басты бетЖаңалықтарАлматыдағы жаңа...

Алматыдағы жаңа аурухана коронавирус жұқтырғандарды емдеуге әзір

Алматы әкімінің айтуынша, жұқпалы аурулар кешені уақытша ғимарат болғанымен медицина жабдықтарымен жоғары деңгейде жарақтандырылған, осындай мекемелерге қойылатын халықаралық талаптарға жауап береді.

Бүгінде біздің дәрігерлер мен басқа да медицина қызметкерлері коронавирус инфекциясымен ұйқысыз, демалыссыз күресіп жатыр. Өздерін аямай, бізді қорғап жүр. Біздің міндетіміз — олардың жұмысына барлық жағдайды жасау. Жаңа кешен жұқпалы ауруларға арналған орындардың жеткілікті қорын құруға мүмкіндік береді. Бұл қаладағы эпидемиология жағдайын тұрақтандыруға ықпал етеді, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Аурухана 280 адамға арналған. Ол 9 клиника бөлімшесінен, 28 орындық реанимация бөлімшесінен, бір адамға арналған және сыртқы шығаратын есігі бөлек 10 палатадан, динамикамен бақылауға арналған бір орындық бес палатасы бар қабылдау бөлімінен тұрады. Мұнда қызметкерлерге арналған, зертханаға арналған бөлмелер, компьютер томографиясына, рентгенге, эндоскопия жабдықтарына, ультрадыбыспен зерттеу аппаратына және электрокардиографқа арналған жеке кабинеттер бар. Реанимация бөлімшесіне өкпені жасанды желдететін 28 аппараты қойылған.

Жаңа аурухана галерея арқылы өзара байланысқан бір қабатты екі және екі қабатты төрт корпустан тұрады. Кондиционер орнатылған, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жүргізілген, электрмен жылытылады. Нысаннан шығатын ағынды су арнайы жинағыш ыдысқа құйылады. Өрт дабылы мен видеобақылау жүйесі де бар. Трансформаторы бар қосалқы станция орнатылғалы жатыр.

Аурухана аумағына үш жерден кіріп-шығуға болады. Оның сыртында да, ішінде де көлік қоюға арналған орындар бар. Аумақтан көлікті дезинфекциялауға да алаң бөлінген.

Кешен штатында 75 дәрігер, 100 медбике және кіші медицина қызметкерлері бар. Мекеменің барлық қызметкері «Атакент парк отель» қонақүйіне тұрады. Оларды таңертең және кешке тегін таситын көлік бар.

Еске салайық, бір күн бұрын мұндай госпиталь Нұр-Сұлтанда салынып біткен еді. Коронавирусқа қатысты ахуалды жақсарту үшін салынған нысанды Қасым-Жомарт Тоқаев барып көрді.