Ардагерлер ерлігін насихаттайтын «Жасампаз жасақ» шарасы виртуал режимде өтеді

Биыл Жеңістің 75 жылдығын карантин жағдайында қарсы аламыз. Дегенмен соғысты жеңіспен аяқтаған жауынгерлердің ерлігі биыл да ескерусіз қалмайды.

Біз олардың есімін жадымызда тағы бір мәрте жаңғыртамыз. Сондықтан Қызылорда облысының әкімдігі интерактив акцияға қатысуға шақырады. ​Ол үшін әке-аталарыңыздың, жақындарыңыздың фашизмді жоюға қосқан үлесін әңгімелеп немесе майданнан жіберген хаттарын оқып, видеоролик түсіресіз, — деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алғашқы болып өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықов соғысқа қатысқан әкесі жайлы видеоматериал жариялады.

Шараға қатысу үшін отбасылық фотосуреттерді көрсетсеңіз де болады. Қорытынды бейнежазбаны әлеуметтік желіде (Instagram, Facebook, ВКонтакте) мына хэштегтермен жариялайсыз: #SyrBatyry, #Jeniske75, #BatyrUrpagy.

​Біз видеоматериалдарды жинақтап, Қызылорда облысы әкімдігінің ресми сайтындағы «Жасампаз жасақ» бөлігіне орналастырамыз. Ұнаған роликке дауыс беруге болады. Үздік 10 туынды 9 мамыр күні Qyzylorda телеарнасында көрсетілетін бейнесюжетке енгізіледі. Әке-аталарыңыздың жеңіс жолдарын құрметтеп, ерліктерін насихаттауға атсалысыңыздар, — деп мәлімдеді Қызылорда облысы әкімдігі.