Басты бетҚоғамТөтенше жағдай...

Төтенше жағдай кезінде ауызашарды қалай беру керек?

– Еркінбек мырза, осы Рамазан айында Алматыда қандай қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады?

– Әрине, биылғы оразаның жағдайы да, Рамазан айының өту форматы ерекше болып тұр. Себебі елімізде осындай төтенше жағдай жарияланған карантин режимінің кезінде біз оразамызды ұстап, Рамазанды өткізейін деп отырмыз. Осыған байланысты біздің мешіттерімізде кешкі тарауық намаздары, мешітке жиналу, жұма намаздарын өткізу әзірге уақытша тоқтатылып отыр. Осы карантин кезеңі басталғалы бері Алматы мешіттері  қайырымдылық шараларына белсенді атсалысып келе жатырмыз. оның барлығы біздің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің бастамасымен «Жүрек жылуы» атты республикалық қайырымдылық керуені жарияланған болатын. Әрине, біз Рамазан айында осы шараларды ары қарай жалғастырамыз. Бұл қайырымдылық шараларының аясында таратылатын азық-түлік себеттері курьерлік компаниялар арқылы, солардың қызметі арқылы іске асайын деп отыр. Себебі карантин өзіміздің волонтерлардың, өзіміздің қызметкерлердің үйлеріне баруына мүмкіндік бермейді.

– Осы айда адамның көбі ауыз аштырып, сауап жинауға асығады ғой. Ондай жандар не істеуі керек?

– Әрине, біз әдеттегі жағдайда, былтырғы Рамазанда мешіттердің жанында үлкен ауызашар дастархандарын жаятынбыз. Бір күннің өзінде қаланың мешіттерінде 9-10 мыңға жуық жамағатымыз келіп ауыз ашатын. Бірақ биылғы жағдай басқаша. Биыл карантин режимінің талабы бойынша мешіттерге жиналуға рұқсат болмағандықтан ауызашар дастархандар мешіттердің жанында жайылмайды. Біз бүкіл жамағатқа, тұрғындарға үйлерінде ауыз ашуға кеңес беріп отырмыз. Сонымен қатар, қайыр жасайын, ауызашу деген үлкен сауапты іс қой, ауыз аштырайық, сауап алайық деген кісілердің арнайы мейрамханалар арқылы үйге жеткізіп беру қызметі арқылы ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз.

– Тұщымды жауабыңызға рахмет. Рамазан айы мүбәрәк болсын!